48 сағатта фильм түсіру! Алматыда қысқаметрлі картиналар сайысы өз жеңімпаздарын анықтады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жас киногерлермен жарысқа түскен Әнуар Нұрпейісов пен Жандос Айбасов көлеңкеде қалды!

Мадина Дәулетқызы, тілші:

48 сағатта креативті кино түсіру! Дәл бүгін мәресіне жеткен киносайыстың басты талабы осы. Сонымен, шартты орындап жеңіске жеткен кім?

1605 үміткер, іріктеліп алынған 460 бейнеролик! Соның ішінде креативімен таңқалдырған тек 48 режиссер ақтық сынға жолдама алды. Ал, сайыста қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығару Қарлығаш Мұхамеджанова, Азиз Бейшеналиев, Нұрлан Батыров сынды кино саласының өкілдеріне тапсырылған еді.

Қарлығаш Мұхамеджанова, актриса:

- Қазылар алқасының құрамында болу, қайырсыз іс. Себебі, шешім шығарған соң біреулер өкпе назын білдірсе, енді бірі әділетсіз деп жала жабады. Қайткенмен де, нәтижесін қорытындылауымыз керек.

Расымен де, кіл мықтылар арасынан ең дүлділін анықтау қазылар алқасына оңайға соққан жоқ. Ұзақ пікірталас пен түсініспеушіліктен кейін, жеңімпаздардың есімі жарияланды.

1 000 000 миллион теңге «Марсианин Гриша» ролигінің авторларына бұйырса, бас жүлде – АҚШ-та білім алу мүмкіндігіне қырғызстандық режиссерлар ие болды.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар әр жанрдың ең үздіктерін анықтауды ұмытпады. Мәселен, фантастикада «Ұмытпа» атты картина мақтауға лайық.

Мадина Дәулетқызы, тілші:

- Осы ролик арқылы не айтқыларыңыз келді?

Арман Сапиолда, режиссер:

– Біз өте ерекше жанр, фантастика жанрын қазақ тілінде түсіргіміз келді. Қазақ тілінде, қазақ стилінде түсіргіміз келді.

-Жалпы жеңеміз деп ойладыңыздар ма?

– Именно конкурс кезінде, жеңеміз деген үміт азая бастады. Өйткені, конкурсқа қатысқан барлық жұмыстар өте сапалы, өте мағыналы, биыл конкурстың финалына ілінген кинолар өте керемет болды.

Жарыс көшіне Әнуар Нұрпейісов пен Жандос Айбасовтың қатысуымен таспаланған картиналар да қосылған еді. Өкінішке қарай, өнер өкілдерін жас киногерлер басып озды. Әріптестерінің бұл жеңілісіне қарамастан, Нұрлан Батыров келесі жылы кинобәйгеге қатысамын деп отыр.

Нұрлан Батыров, блогер:

- Биыл үміткер ретінде қатысқым келген. Алайда, мені қазылық етуге шақырған соң, сайыстан бас тарттым. Ал, келесі жылы, командам менсіз жарысқа қатысатын болады.