«А-студио» тобы бұрын – соңды болмаған ауқымды кастинг жариялады!

Сообщить о проблеме с эфиром

«А-студио» Ресейлік және отандық кіл «сен тұр, мен атайын» әртістердің басын қосып, мюзикл сахналамақшы.

«Солдат любви»! Дәл осы атаумен сахналанатын мюзиклді әзірлеуге «А-студио»-лықтар біраздан бері құлықты еді. «Сабақты иненің сәті» бүгінге дөп келіп, ауқымды ұжым іске кірісті. Қойылым аты аңызға айналған топтың шығармашылық жолын бастан-аяқ суреттейтін болады.

Ресей мен Қазақстанның 70-тен астам шаһарында сахналанады деп жоспарланған жобаға, қос елдің әртістері ғана іріктеліп алынады. Өзін тың салада сынап көргісі келген «Ринголық» Данияр Өтеген, жеке шығармашылығын сырып қойып іске кірісуге дайын.

Данияр Өтеген, «Rin`Go» тобының әншісі:

- Енді біз өнер адамы болғандықтан, бізге әрқашан бір жаңашылдық қажет. Біз өзімізге жаңа бір белестер іздейміз. Сондықтан осы кастингке шақырғалы кішкене енді аз уақыт дайындалдық бірақ сонымен соған қарамастан жақсы өтті деп ойлаймын.

Гүлнар Сілбаева үшін бұл іріктеу орны – тым бөлек. Актриса – өнерге алғашқы қадамын еске алып, біраз толқыды.

Гүлнар Сілбаева, актриса:

- 2003 жылы алғаш рет «SuperStar.kz» конкурсына қатысқанмын. Сол сәтте «А-студиомен» байланысты болған. Осы топтың әнін дәл осындай номерде орындадым. Бір жағынан қызық, бір жағынын қобалжып тұрмын.

Талай сайыстың «есігін тоздырып» үлгерген Диас Аблаев болса, өзіне бек сенімді. Әнші іріктеуден сүрінбей өтемін,- деп отыр. Диастың нысанаға алғаны - басты ролдердің бірі.

Диас Аблаев, әнші:

- Қаншалықты мүмкіндігім бар білмеймін. Бірақ менің образым қойылған талаптар бойынша екі ролге келеді. Бірі Байғали Серкебаевтың, екінші топтың бас гитаршысы. Енді бағым жанады деген сенімдемін.

Мюзиклге кіл мықтыларды жинау қоюшы-режиссер Вячеслав Кулаевтың басты міндеті. Ресейлік хореограф әрі киногер отандық жұлдыздарға аса көңілі толып отырған жоқ.

Вячеслав Кулаев, қоюшы-режиссер:

- Шынымды айтсам би жағынан кішкене қиындық туып тұр. Хореграфиямен жұмыс жасау керек. Себебі біздің басты 3 талабымыз бар. Ол вокал, би және актерлық шеберлік 100 пайыз болуы шарт.

«Солдат любви» - Батырхан Шүкеновтың «А-студио» ұжымында өнер көрсеткен шағында жарық көрген ән. Хитке айналған туындының құрметіне арналған спекталь тұсауы қарашаның 15-і кеседі. Бас-аяғы 50 шақты кейіпкер тоғыстырылған мюзиклде бекітілген қатысушылар тізімі бірер айда белгілі болмақ.