Дүрия Қыдырбек, @duriiya_kydyrbek
«Менен көзіңді алма». «Spay» деп аталатын әлеуметтік жобаның ұраны осындай. Бастама авторлары осылайша мәселеге назар аудартып қана қоймай, мекемелерде алдыңыздағы сусын мен тағамға мұқият болуға шақырады. Себебі абай болмасаңыз, байқатпай химиялық заттар қосып, арам ісін іске асыратындар көбейген. Қылмыстың кең етек жайған бұл түрі спайкинг деп аталады.
Еріктілердің спайкинг тақырыбын зерттеп, мәселенің түрлі шешімін қарастырып жүргеніне биыл екінші жыл. Осы аралықта Spay шығармашылық ұжымы алаяқтықтың зардабын кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы бейнеролик таспалаған. Тұсаукесерін блокбастердің жарнамасындай айғайлатуды көздеген ұжым арнайы премьера өткізіп, туындыны медиакеңістіктегі мамандарға көрсетті.
Асхат Оразаев, «speye» әлеуметтік жобасының соавторы:
– Сіздердің мақсат тек ролик шығару ма? Әлде бұдан да басқа жұмыстар атқарылып жатыр ма?
– Иә, ролик үлкен жобаның бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек біз спайкингке қарсы арнайы сусын ішетін ыдыстың бетін жабуға арналған арнайы қақпақ ойлап таптық. Қақпақтың бетіне лозунгты жазып қойдық. Бұл сөз тұтынушыға қауіп-қатердің бар екенін ұмыттырмайды әрі сақ отыруын қамтамасыз етеді.
Азатхан Өксібаев, «Speye» әлеуметтік жобасының соавторы:
– Біз осындай құйтырқы қылмыстың құрбанына айналған біраз адаммен тілдестік. Сондықтан мәселені шешімі ретінде қаладағы біраз мекемелерге осы тегін бокстарды таратамыз. Сіз кіре берісте сұрап, қолдана аласыз.
Роликтің режиссері - көпшілік Молданазар клиптерінің авторы ретінде танитын Абылай Әбіш. Жас әрі креативті маман әлеуметтік мәселеге өз шығармашылығы арқылы тоқтау болу мүмкіндігі туғанына дән риза.
Абылай Әбіш, режиссер:
– Клипте химиялық заттар қосылған сусынды ішкен соң қыздың денесі жоғары көтеріледі. Неге мұндай режиссерлік шешім?
– Қыз өзін-өзі басқарудан қалады, гравитациясы нөлге ұшырайды. Ал мұндай кезде антогонистке ол қызды алып кету оңай. Соны көрсеткіміз келді.
Айта кетейік, спайкерлер ойын іске асыру үшін қазір түрлі айла-тәсілге жүгініп жатыр. Мәселен, олар өзін сізге сый ұсынғысы келетін азамат не өнеріңізге ілтипаты ерекше табынушы ретінде таныстырып, химиялық зат қосылған тәтті жіберуі де мүмкін екен. Осы тұста үнемі жанкүйерлерінің сыяпатына бөленетін танымал арулардың пікірін біліп, бейтаныс адамдар ұсынатын тартуды қаншалықты қабылдайтынын сұрадық.
Жазира Еркін, актриса:
– Алматы үлкен шаһар. Неше түрліні естиміз ғой. Мен естісем қорқамын, жүрегім ауырады.
– Мейрамханаға барғанда жігіттер, жанкүйерлеріңіз тәтті не сусынды ілтипат ретінде ұсынуы мүмкін. Қабылдайсыз ба?
– Негізі көбіне қабылдай бермеймін. Әр кезде әртүрлі адамның ниетін түсінбейсің...
Айдана Сахари, актриса:
– Актрисасыз. Жанкүйерлеріңіз баршылық. Бейтаныс адам курьер арқылы тәтті не тағам түрлерін жіберсе, қабылдайсыз ба?
– Сусын тағам жағынан ала бермеймін. Біраз шоколад келіп жатады. Оның өзінде рақмет деп ұялып аламын. Сенімділік бар. Өз көрермендеріме сенемін.
Жақсылыққа сенген жақсы. Бірақ сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармаған абзал дейді спайкинг тақырыбын зерттеп жүрген мамандар.