Хитмейкердің жүрген жері шу екені сөзсіз. Жол тәртібіне бағынбай, сахнада боқауыз сөз айтуды қойып, КН абақтыдан бір-ақ шыққанда жұрт түгілі әншінің жақындары да есеңкіреп қалды. Нұртастегінің інісі Заңғар, қиын кезеңде бауырына қолдау білдіргенін айтады.
Заңғар Нұртас, Қ. Нұртастың інісі, әнші:
– Расында не болғанын мен өзім білмеймін. Бірақ ол төбелес үшін ондай 15 күнге қамау деген ол екінің бірі төбелесіп жатыр ғой. Бірақ барлығы отырып жатқан жоқ.
Еске салсақ, Қайрат шілде айында Астана-Алматы бағытындағы ұшақта досымен сөзге келіп, жаға жыртысуға дейін барған. Нәтижесінде оны денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін сот 15 тәулікке қамауға алды. Әнші жазасын Шымкент қаласының түрмесінде өтеп шықты.
Заңғар Нұртас, Қ. Нұртастың інісі, әнші:
– Бірақ ағам шыққаннан кейін толып, салмақ жинап өзі керемет сондай көңіл-күймен шықты. Өзіне бір сабақ алғандай болды, қазір сақ жүретін болды.
Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас та қазір сақ жүруді әдетке айналдырған. Әсіресе, әлеужеліде. Жыл басында кіші Еспанов кибер харрасмент жасағаны үшін хейтке ұшырады. Беймәлім ару Олжастың өзіне жазған интимді хаттарын желіге жүктеген. Нәтижесінде казнет әншінің атұстарына ызаланып, ол жайлы түбегейлі ойын өзгертті.
Олжас Еспанов, блогер:
– Мен мына нәрсені айтайын 90% әлгі жазылған нәрсені барлығы фотошоп. Кейбір жерінде менікі болған, иә жазғандарым. Бірақ көбінесе өтірік сөздер ана жерде. Анық көрініп тұр, жақындатқан кезде.
Әлеужеліде бұқараның ойы өзгерді деп налығандардың тағы бірі – Сабина Мовлаева. Желіде бәзбіреудің 18+ форматта ұятсыз видеосы тарап, көпшілік оны блогерге ұқсатқан. Нәтижесінде қазнет қолданушылары Мовлаеваны жеңіл жүрісті қыз деп айыптаған.
Сабина Мовлаева, блогер:
– 18+ видео келеді. Бірақ мойындаймын, анау қыз кішкене ұқсайды екен маған. Но мұқият қарасаңыздар, саусақтары, құлағы, мен даже ешқашан анандай сағат алмағанмын. Ана қыздыкіндей. И маникюрымды мен анандай қара цветке боямағам.
«Видеодағы мен емес, шындықты дәлелдеймін» деп шырылдаған Сабина, көп ұзамай құзырлы органдармен бірлесе халық алдында өзін ақтап шықты.
Келіншегін үлде мен бүлдеге орап, әр мейрамда көлік сыйлайтын мінсіз күйеу Дархан Жолшыбеков те ел ашуына ілікті. Блогердің некесіз туған сәбиі бары анықталып, миллионер кәсіпкердің алименттен жалтарып жүргені көпшілікті ашуландырмай қоймады. Дархан таяуда өз қатесін мойындап, кешірім сұрап қызы Айша мен оның анасына Елорададан екі бөлмелі пәтер, су жаңа көлік пен ақшалай сыйлығын табыс етті.
Еске салсақ, дәл осындай оқиғамен әнші Адам да жұртты дүр сілкіндірген-ді.
2024 жылы есте қалған оқиғалардың тағы бірі – Дариға Бадықова мен Моананың тартысы. Даудың басы продюсер әрі актрисаның аталмыш анимациялық картинаға қатысты пікірінен басталды. Бадықова өзі таспалаған «Таптым-ау сені 2» лентасын жарнамалаймын деп, прокатта қатар жүріп жатқан Голливуд туындысын таңдаған көрерменді қатаң сынға алды. Нәтижесінде жұрт актрисаның сөзін мемге айналдырды.
Ең қызығы, бұдан Бадықованың мұрты сынбады. Керісінше, қара пиардың пайдасы оңынан тиіп, «Таптым-ау сені 2» фильмі 2 аптада миллиард жинады.