Айдана Шалқар, @aiudna
- Бүгінгі локация – шоурум. Ол – Францияның сән әлемін бағындырған отандық дизайнер. Соған қарамастан ол өзін эксперт деп санамайды. Ал, қазір жаңа коллекциясын таныстырмақ. Иә, біз бүгін Айнұр Тұрысбектің ивент алаңындамыз.
Айнұр Тұрысбек, дизайнер:
- Біз бүгін фэшн мюзикл форматында қойылым көрсетеміз. Жаңа коллекция сезім туралы. Образдар арқылы агрессия, депрессия, адамның өзін-өзі қабылдауы, бір нәрсені жоққа шығаруы сияқты күйлерін жеткізгім келді. Біз баланс сақтауды ұмытпауымыз керегін түсіндіреміз.
Айнұр Тұрысбек 2012 жылы Kazakhstan Fashion week подиумінде дебют жасаған еді. Сол сәттен бастап ол Грузия, Украина, Әзірбайжан сынды елдермен коллабарация ұсынды. Шетелдік сапарының бірінде сәнгер атақты Париждік дизайнерлердің назарына ілігіп, оның коллекциясы туралы мақалалар халықаралық басылымдарға шыққан.
Айнұр Тұрысбек, дизайнер:
- Неліктен Франция? Себебі, халықаралық тәжірибе жинағым келді. Әрине, француздардың талғамы биік. Бірақ өзіңе сенімді болсаң, бәрібір мақсатыңа жетесің.
Әр коллекциясын арнайы шоу ұйымдастырып таныстыратын Айнұр бұл жолы да дәстүрінен жаңылмады. Подиумға біз күтпеген модель де шықты.
Санжар Мәди, актер:
- Шыны керек, коллекция таныстырамын деп ойламадым. Бірақ бүгін модель ғана емес, актер, әнші ретінде де өнер көрсеттім. Нағыз мюзикл болған сияқты.
Санжар Мәди мен Айнұр Тұрысбектің 6 жылдық достығы осындай серіктестікке ұласты. Экраннан түспейтін актер подиумда біраз қобалжыды. «Дайындық жетіспеді»-дейді ол.
Санжар Мәди, актер:
- Бүгін ерекше қобалжыдым. Себебі, кеше бір-ақ рет дайындалдым. Уақыт өте тығыз болды. Бүкіл командамен түні бойы уайымдадық. Бірақ Құдайға шүкір бәрі жақсы өтті.
- Бүгінгі коллекциядан киім сатып алдыңыз ба?
- Әйелім коллекциядан өзіне киімдер сатып алып үлгеріпті. Маған жаңа ғана айтты. Ал, үстімдегі лук енді менікі болады.
Айнұр Тұрысбекті қолдап, жаңа коллекциясына баға беруге келген белгілі дизайнерлердің саны көп. Соның бірі – Леонид Жеребцов.
Леонид Жеребцов, дизайнер:
- Айнұр әрдайым қайталанбас коллекция жасайды. Оның Қазақстанның сән әлемін жоғары деңгейге көтергенін айтудан шаршамаймын. Киімдерді таныстырып қана қоймай, үнемі шоу жасайды. Сол себепті Айнұр – менің фаворитім.
Сәнсүйерлер арасында: «Айнұр мен Леонид - подиумдағы қарсыластар» - деп санайтындар да бар. Дизайнер осындай пікірлерге нүкте қойды.
Леонид Жеребцов, дизайнер:
- Айнұр екеуміз жақын доспыз. Бізді бәсекелес деп ойлайтындар көп. Бірақ мен жолдастарыммен ешқашан жарыспаймын.
- Ал бүгін коллекциядан киім сатып аласыз ба?
- Айнұр маған бір киім сыйлайды деп ойлаймын.
Айдана Шалқар, @aiudna
- Бүгін Айнұр Тұрысбек «Zayyt» коллекциясын таныстырды. Бұл жолы дизайнер нәзік киім үлгілерімен таңғалдырды. Су жаңа образдар жақында сатылымға шығатын болады.