Қызыл кілем... Жарқ-жұрқ еткен жарық... Толассыз қошемет пен жанын шүберекке түйген жанкүйерлер... Бұл – жылда өз дәрегейінде өтетін «Оскар» марапатының қысқаша сипаттамасы.
Ал Отандық әртістер осы жаһандық жиыннан қаншалықты хабардар? «Үздік ер», «Үздік әйел» рөліне кім лайықты? Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанатындардың тізімін шолып шықты ма? Мәселен, актриса Нұргүл Мыңғатова көпті өзеуреткен «Джокер» фильмі мен сонда басты рөлді сомдаған Хоакин Фениксқа тақым қысып отырған көрінеді.
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Иә, хабарым бар. Естуім бар. Көбінесе мен әйел бейнеге назар аудармадым. Жаңағы «Джокер» фильмінде ойнаған актер, лайықты деп ойлаймын. Сол алады деп те сенемін. Өйткені ол көп адамның көңілінен шықты. Өзімнің де көңілімнен шыққан.
Ал жас та болса, біраз фильмдердің басын қайырып үлгерген Санұржан Сүлейменов болса, «өзгеге еліктемей, өзіміздікін жасайтын кез келді» дейді. Актер аталмыш шараны бақыламайтын болып шықты.
Санұржан Сүйлейменов, актер:
– Оскарды шыны керек бір 2016-шы жылдан бастап аса қатты бақылап жүрген жоқпын. Қарап жүрген жоқпын. Өйткені не десек те, мен оны «социальный премия» деп қабылдадым өзім.
Олжас Әлжанов болса, әңгімесін әзілден бастады.
Олжас Әлжанов, актер:
– Оскар... Енді өзім номинацияда жоқ болғаннан кейін, «Оскарды» қарамадым. Өзімді списокта көрмедім. Сондықтанда қойшы қарамай-ақ қояйыншы дедім.
Сөзінің астарында бір шындықтың басын шалып қалған ол, Отандық фильмдерде басты рөлді сомдап, өзін шыңдағысы келетінін айтып қалды. Қала берді Олжас та «Оскар» премиясында «Джокерге» жанкүйер екен.
Олжас Әлжанов, актер:
– Негізі енді әрине былай-былай, сырттай білеміз не болып жатқанын. Жақсы-жақсы кинолар, көптеген күшті актерларды номенировать етейін деп жатыр екен. Былай-былай білем енді. «Джокер» деп естідім мықты қазір Хоакин Феникс, потом Бред Питтың анау, Леонардо ДиКаприоның кинолары. Солардың бәрін алдында бір оқып шыққанмын.
Мықтылар мен азулылардың басын біріктіріп, жаһан назарын өзіне қаратқан премияда: Леонардо ДиКаприо, аты әйгі Хоакин Феникс, Антонио Бандерос бақ сынамақ. Одан бөлек, Скарлетт Йоханссон, Шарлиз Терон, Сирша Ронан да мүсінше үшін белдесуге ниетті. Естеріңізге сала кетейік, кинобәйге ағымдағы жылдың 10-шы ақпанында өтпек.