Қазақ киносындағы қарымдылардың тағы бірі Досхан Жолжақсыновты, отандық комедиялардағы былапыт сөздер мен ерсі қылықтар қатты қынжылтады. Әйгілі актердың айтуынша, қалтасын қалыңдату үшін фильм түсіретіндер – нағыз азғындар!
Жаңбырдан соң қаптаған саңырауқұлақтай, бүгінгі киноиндустрия комедиядан көз ашпайды. Әуелде жаңа жобаны жарнамалап, көрерменді кинотеатрға тартатын түсірілім тобының идеясы таусылғандай. Қазіргі сценарийдің негізі – боқтық сөздер мен ерсі әрекеттерден құралған.
Бұл Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Африке» картинасындағы кадрлар. Аталған фильмнің бірінші және екінші бөліміне режиссерлық еткен Жеңісхан Момышев, отандық комедиялардағы ұятсыз қылықтардың белең алудағы себебін түсіндіріп берді.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
- Менің ойымша халықты күлдіре алмай жатыр да. Халықты күлдіру қиын ғой. Күлдіртетін кино түсіру қиын. Шешеден де боқтап жатыр, былай да айтып жатыр. орысша да боқтап жатыр. қолын да көрсетіп жатыр. Сондықтан бұл дұрыс емес!
Анайы әрекеттер мен боқтық сөздерден құрылған лентаға, қазақ киносының азулы актерлары ашулы.
Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық әртісі:
- Ауыздың былапттығы екі нәрсені аңғартады. Не ол – топас, не – аузы үйренген, бейпіл ауыз! Бұл ештеңеге тұрмайтын ұсақ дүние. Бұл арзанқол дүние. Егер де мұны мәдениетпен, өнермен салыстырып қарайтын болсақ... Өнерге боларлық та дүние емес. Бұл тек қана адамның азғындағанының белгісі. Болды!
«Брат или брак» атты картинада қолын шошайтқан өнерпаз, бүгінгі комедиялардың сұраныстағы актеры. Мұндай түрлі сыни-пікірлерге Әбунәсір Серіковтің әлдеқашан еті үйренген.
Әбунәсір Серіков, актер:
- Өмірде қарасаңдар, ыстық болса бәрі ыстық деп айтады. Суық болса, суық деп айтады. Жаңбыр болса, жаңбыр дейді.
Бірақ отандық киногерлер, алдағы уақытта бұл олқылықтың оңаларына нық сенімді.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
- Қазір енді кино өзінше емін-еркін шығып жатыр ғой. Ертең жоғары жақтан айтады: «тоқтатыңдар» мұны деп. Сол кезде бұл нәрсе тоқтайды. Ал қазір даму үстінде. Қазір бостандық беріп жіберіп жатыр.