Мэрая Кери 50 жасқа толды

Сообщить о проблеме с эфиром

Үлкен әнсапарларға шықпаса да, Мэрая Кери де бұл күндері кішігірім кештерімен жанкүйерлерін қуантып жүр! Соған қарағанда, әйгілі әнші туған күнін де сахнада атап өтетін сыңайлы. Еске салсақ, майталман музыкант 50 жасқа толып отыр!

32 бірдей Billboard жүлдесі, 10 American Music Awards, 5 Грэмми, «Даңқ аллеясының» арнайы жұлдызы. Бұл Мэрая Кэри бағындырған белестің бір бөлігі ғана. Алайда, майталман музыканттың нағыз жетістігі – әсем әуенімен миллиондаған тыңдарманның жүрегіне жол табуы.

Шыр етіп дүниеге келгелі бері, Мэраяның бір күні музыкасыз өтпеген. Опера әншісінің қызы ретінде ол, өнер әлемінде ойып тұрып орын ала білді.

Мэрая Кэри, әнші, музыкант, актриса:

-Мен небәрі 12-13 жасымда тапсырыспен өзгелерге демо әуендер жазатынмын. Оның ішінде маған ұнамайтындары да көп болды. Сол сәтте, ең алғаш неге өзіңе ұнайтын әуенді жазып, әсем туындыны орындасмасқа деген ой келді.

Мэрая есімінің танылуына сауық кешіндегі бір-ақ оқиға себеп болған. Оның әндері жазылған таспа кездейсоқ продюсер Тони Мотолланың қолына тиіп, сол сәттен бастап жұлдызы жанған еді.

1990 жылы өнер иесінің өзі аттас тырнақалды альбомы жарық көрді. Содан бері Кэридің әр туындысы ең көп тыңдалатын әндер тізімінде.

Мэрая Кэри, әнші, музыкант, актриса:

-Музыканың табынушысымын десем, артық айтқаным емес. Музыкаға қатысты әрбір дүниені жақсы көрем. Тың туындыларды жазудан жалықпаймын.

Сондықтан, Америкалық дыбыс жазу ассоциациясының пайымымен, тарихтағы «ең табысты әнші» деп танылған Мэрая, әлі де жанкүйерлерін шығармашылығымен қуанта бермек.