Алуа Қонарова жетекшілік ететін «Рензолық» жігіттер, былтыр тыңдармандарына жаңа альбом ұсынуға уәде еткен-ді. Алайда бірнеше ай өтсе де, әзірге төрттіктің тарапынан сүйінші хабар естілетін емес. Бойзбенд әнжинағын неге ұзақ күттіріп жүр?
«Рензоның» құрамы ауысқан сәттен бастап, ұжымның қоржыны бір-ақ бейнебаямен толықты. Қалған уақытын жігіттер жаңа әнжинақ жазуға арнаған екен. Жоспар бойынша өткен жылдың желтоқсан айында ұсынылуы тиіс альбом, әлі күнге дейін өңделіп жатса керек.
Renzo тобы:
-Шығармашылық болғаннан кейін ондай болып тұрады. Бір әнді бірге істейсін да, о деп өзіне қатты ұнайтын болады. Бірақ бір кезден кейін ішінде ақаулар табасың, сөйтіп оны өзгертіп жетілдіруге тырысасың.
Қонарованың шәкірттері үшін – бұл алғашқы үнтаспа болмақ. Біраз жылдан бері шоу-бизнесте жүрген музыканттар, әнжинағына су жаңа тректерді енгізбек.
Renzo тобы:
-Бұл альбомға көп еңбек сіңген болатын. Өйткені енді әрбір әртіс үшін бір альбом бір нәрсе білдіреді. Ал біз үшін бұл альбом өте көп затты білдіреді. Өте көп әртүрлі сезімдер, өте көп әртүрлі қиындықтар. Бұл альбомда көп болады деген ойдамыз.
Имиджі бен стиліне де аса назар аударатын «Рензолық» жігіттер, табынушыларын тың образдарымен қуантуға ниетті.
Renzo тобы:
-Өзгерту керек деген ойдан емес, бұл біздің бірінші кезекте өсуімізге байланысты. Яғни шығармашылықта болсын, жасымызда болсын біз есейіп бара жатырмыз, тәжірибе жинап жатырмыз. Және жаңа альбом, жаңа альбомның бағыты бұрыңғыдай болса да, болмаса да жаңа леп сезіледі деп уәде береміз.
Уәделерін орындауға асыққан бойзбенд бұл жолы, «рензиктерді» көп күттірмейміз деп отыр.