«Дос-Мұқасан» мен «Кешью»!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Дос-Мұқасан» мен «Кешью» айтулы мейрамда халыққа қызмет көрсетуге тас-түйін дайын. Тіпті, қос ұжым наурыз мерекесінің қарсаңында – бірігіп бейнебаян таспалап, ерекше тандем жасаған. Жарты ғасырлық ғұмыры бар әйгілі ансамбльмен, атышулы гелзбендтің дуэті назарларыңызда...

Қазақ эстрадасында су жаңа дуэт. Таяуда «Дос-Мұқасан» ұжымы мен «Кешью» тобының жаңа құрамы бірігіп, «Наурызнама» атты бейнебаян таспалаған. Атышулы гелзбендпен ән шырқаған әйгілі ансамбльге – шет елдік жұлдыздардың жұмыс істеу тәсілі арқау болыпты.

Ақжол Мейірбеков, «Дос-Мұқасан» ансамбілінің әншісі:

-Мынау Еуропада, Ресейде көресіздер ғой. Меладзе, Валерия, Киркоров, Алла Борисовна және де «Фабриканың» өнерпаздары жас буынмен араласып шығады. Винегрет. Әдемі салат болып шығады. Сондықтан, осы жас буынмен араласып айтқан керемет деп ойлаймын.

«Кешьюдің» қыздары аты аңызға айналған ансамбльмен болған шығармашылық тандемге таңырқап жүрсе, «Дос-Мұқасандық» музыканттар жас буынға дән риза!

Ақжол Мейірбеков, «Дос-Мұқасан» ансамбілінің әншісі:

-«Кешью» триосы жас буын, жас қыздар, біздің болашақ. Біз «Дос-Мұқасан» қазақ эстрадасының қариялары ғой. Сол эстафета ретінде біздің қарындастарымызға... Олар болашақ аналар ғой. Кереметтей етіп шырқап шықтық.

«KeshYOU» тобы:

-Сондай аңыз адамдармен бір сахнада тұрып, бір бейнебаянға түсу біз үшін мақтаныш. Басында қорықтық. Бірақ ағаларымыз бізді қолдап... Керісінше біз сендерге, жастарға үлгі болсын деп, айтқаннан кейін бізге жұмыс жасау өте оңай болды.

Ұлыстың ұлы күнінде қазақ өнерпаздары орындайтын әрі тыңдарманын тапқан туындылар санаулы ғана. Әуелі Роза Рымбаеваның «Наурыз думаны», одан кейін «Үркер» шырқайтын әсем әуен. Келешекте мәртебелі үштікке «Дос-Мұқасан» мен «Кешьюдің» клипі кірсе, таң қалмаңыз!

«KeshYOU» тобы:

-Ол кісілердің сөзіне сенсек, үздік үштікке кіреміз деген ниет бар Алла қаласа!