«Қайрат Нұртас, қайырымды болшы!»

Сообщить о проблеме с эфиром

Ғаламтордағылар Қайрат Нұртасты керісінше «қайырымды» болуға шақырады. Туған күнінде төбеден ақша шашқан хитменнің қылығы қарапайым халықтың қытығына тисе керек, желідегілердің жұлдызды жанұяға жазбағаны жоқ. Алайда, әншінің нағыз жомарт жан екені, енді білгілі болды.

Ұлының ту сыртынан тон пішіп, керағар пікірлерді қарша боратқан хэйтерлердің жазбасы, ана жүрегіне қатты әсер етсе керек. Осы уақытқа дейін Қайраттың жомарттығы жайлы ешбір жанға жақ ашпаған Айдарбекова, хитменнің ерекше қасиетін елге айтуды жөн деп шешкен секілді.

Гүлзира Айдарбекова, продюсер:

-Ақшаны жұрттың көзінше бермейді. Бөлек шығарып алып, ақша беріп жатады. Жер сыпырып жатқан әйел көрсе, жағдайы жоқ екенін көрсе, бізге ұрсады. «Сендер неге 500-1000 теңге саласыңдар? Ол не болады оған? Бергеннен кейін, бала-шағасын толтырып берсеңіздерші. Тамақ алып баратындай», - деп өзі ылғи беріп жүреді.

Инстаграмдағы пысықтар, Иманбаеваны да иманды болуға шақырады. Әлеуметтік желіде Айгүлдің әр қадамын аңдитындар, әншінің жағдайы жоқ жандарға жәрдемдесуін талап ететін көрінеді.

Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

-Инстаграм желісінде «неге көмектеспейсің?», - деп жазып жатады. Мен өз басым берген садақамды да, жасаған жақсылығымды да не айтпаймын, не жазбаймын, не салмаймын. Оны мен үшін Алла тағала білсе болды, көрсе болды.

Сынға іліккендердің санатында Сиви де бар. Жақсылық жасаса, жұртқа жария қылуды қаламайтын Махмұттыңқызы, кезінде қайырымдылық концерт өткізіп, талай сәбидің жүрегіне жылу сыйлағанын айтады.

Cиви Махмуди, әнші:

-Кішкентай балаларға арнап жәшік қойып, өзім ақша беріп, билет сатып деген сияқты. Сол сияқты ондай концерттер өте көп болды.