Димаш жайлы деректі фильм

Сообщить о проблеме с эфиром

Димаш Құдайбергеннің, Германиядағы табынушылары жайлы деректі фильм жарық көрді. Туындыға әншінің әуезді әндерінен ем алып, дертінен айыққан жанкүйердің тағдыры арқау болған.

Әлемнің әр түкпіріндегі талай тыңдарманның жүрегін жаулаған Димаштың өнері, Аня Берс есімді Германия тұрғынына да майдай жаққан. 48 жастағы шетелдік азаматша кезінде 60 келі салмақ тастаймын деп ұйқы безі ауруына шалдығыпты. Аня қатты күйзеліске түскен сәтте – отандысымыздың әсем дауысы жанына шипа болған екен.

Аня Берс, жанкүйер (Германия):

-Ұялы телефонымды ашып қалып едім. Димаштың «SOS» әнін тыңдадым. Оның өнері мені бірден еліктіріп әкетті. Бойымдағы қорқыныш сезімдерден қалай арылғанымды өзім де байқамай қалдым. Димаштың дауысы – менің өмірімді қайта жандандырды.

Димаштың дәл осы фанатының хикаясы жайлы деректі фильм түсірген – Жаннұр есімді ару. Құдайбергеннің адал жанкүйеріне айналған ол, бүгінде «Dears-тар» фан-клубының белді мүшесі. Қазақ қызы Аняның өтінішімен Германияға сапар шегіпті.

Жаннұр Жолдасхан, фан-клуб мүшесі:

-Бір күні бір Аня Берс деген кісі фейсбукта жазысамыз. Сосын ол кісі маған бір күні жазды. Жаннұр мен осылай жолдасыма домбыра сыйлағым келеді, сен соны маған *Германияға әкеп берші деп айтты. Сонымен мен ол кісінің ұсынысын қабылдап алдым.

«Өмірімізді өзгерткен Димаш» деген атауға ие болған туындыға әншінің ата-анасы да атсалысқан. Қазақтың күміс көмей баласы неміс жеріндегі ерекше жанкүйеріне өз қолтаңбасын тарту етіпті.

Жаннұр Жолдасхан, фан-клуб мүшесі:

-Осындай қолтаңба қоюға мүмкіндік болғандықтан, барып қойғызып алдым. Мен ол кісілерге айттым, осындай жағдайдың болып жатқандығын, ол кісілер жақсы деп қол қойып берді.

Жаннұрдың Германияға жасаған сапарының бар шығынын Берс әулеті мойнына алған. Енді олар Димаштың Мәскеу қаласындағы концертіне келмек. Ал Жаннұр енді аудармашы ретінде оларға көмегін тигізбек.