Бейбіт Қорған қайда жүр?!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Маған арман, үнсіз қалған, Сенсіз өткен өмірдің бәрі жалған!» Кезінде дәл осы әнімен хит шерулердің көшін бастаған Бейбіт Қорған, дәл қазір жұрт назарынан жырақта жүргенді қалайды. Әншінің мұндай шешіміне не түрткі болды? Серікқазы Аязбаев айтады!

Бейбіт бұрындары от болды, кейін «шоқ» болды, қазір жұрт назарынан «жоқ» болды! Бүгінде Қорғанды халық көшеден көрсе қалса, алғашқы қоятын сауалы: «Сіз қайда жүрсіз?», - деп басталады.

Бейбіт Қорған, әнші:

-Қолымыздан келгенше тырысамыз енді. Біреулер көріп тұрып, көрінбей кеттің ғой дейді. Көріп тұрсың ғой деймін де, қалжыңдап!

Иә, бұл Қорғанның қалжыңы! Бірақ Бейбіттің көк жәшіктен көп көрінбеуінің себебі тым басқа.

Бейбіт Қорған, әнші:

-Бей-берекетсіз қайта-қайта көріне бергенді өз басым ұнатпаймын. Енді бір сағындырып, себебі бар бір нәрселер болып жатса... Мысалға, балам дүниеге келіп жатыр. Неге оны жария қылмасқа?.. Сондай ғана бір себептер болмаса. Қайта-қайта жылтыңдап, ана жақтан, мына жақтан мен бармын деген дұрыс емес сияқты.

Кезінде Бейбіттің кез-келген әні тыңдарманын лезде табатын. Кейін репертуары «Шоқ қыздармен» толыққанда, шығармашылығы тіптен шарықтай түсті. Дәл қазір хит тақырыбы қаншалықты Қорғанды толғандырады?

Бейбіт Қорған, әнші:

-Бір жолдас жігіт айтпақшы, сен қайта-қайта «Шоқ қыздарға» ұқсас бір өлеңдерді шығара бересің дейді. Енді не істейміз деп қоямын ғой. Нормально ақша тауып едік деп. Білмеймін енді, қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз.

Келер жылы әншінің шығармашылығында мерейтой екен. Осыдан 20 жыл бұрын отандық эстрадаға алғашқы қадамын жасаған Қорған, айтулы шараны ауқымды аудиторияның алдында атап өтпек ниетте. Осы уақытқа дейін ел алдында есеп беруге талай мәрте талпынғанымен, сәті түспепті.

Бейбіт Қорған, әнші:

-Басында ойладық, ешкімге ұқсамайтындай жасағымыз келді. Бір жағынан қаражат жетпеді. Бір жағынан басқа жағы дұрыс болмайды қалды. Келесі жылы, келесі жылы береміз деп, әне-міне дегенше уақыт өтіп кетті.

Бейбіт таяуда еліміздегі аймақтық әнсапарын тәмамдады. Аталған турне – толықтай қайырымдылық концерт ретінде ұйымдастырылған.