«Лашын» репертуары бөліске түсті!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Кешью» тобында өзін жайсыз сезінгенін айтқан Сара Амангелді, топтағы жұмысын тосыннан тоқтатқан еді. Былтыр Баян басқаратын ұжымнан кеткенін хабарлаған ол, араға уақыт салып атышулы продюсердің алдына қайта барды. Алагөзованың кеңсесіне бас сұққан бикештің мақсаты – орталыққа оралу ма?

«Лашын» тобының ғұмыры үш жылдан астам уақытқа созылған. Кейін дуэттегі Сара мен Элизат «Кешьюдің» құрамына қабылданғанымен, қос құрбы атышулы гелзбендте де тұрақтамады. Берікова тұрмысқа шықты, Амангелді жеке шығармашылығын шыңдауды жөн деп шешеді.

Сара өнер жолында қаншама тректердің тұсауын кескенімен, дәл осы «Лашынның» репертуарындағы әндерге ерекше аңсарып ауып тұрады екен. Бірақ авторлық құқық – Баян басқаратын орталыққа тиесілі. Ол ақырында өзі тер төккен продакшнге қайта барып, ұстаздарынан арнайы рұқсат сұрайды.

Сара Амангелді, әнші:

-«Таңдағаным» мен «Бағаламадың» әндеріне менің тембріме келтіріп жаздырды да арнайы. Осы Сараның төменгі дауысын көрсету үшін деген сияқты. Сондықтан Баян мен Бағым Мақсатқызынан сұрадым. Мен айтсам қалай болады? Ол әнді сіздер айтпасаңыздар, ол әнді мен жалғастырайын деген сияқты. Өйткені ол әнмен менің өнерге деген жолым ашылды десе де болады.

Бағым Мұхитденова, музыкалық продюсер:

-Тек қана біздің рұқсатымызбен ғана орындауға құқылы. Таяуда тағы бір әнді, өзінің репертуарына енгізу туралы ұсыныс тастады. Біз аямаймыз, береміз! Өйткені, Сараның біздің орталықтан шыққанын жоққа шығара алмаймыз!

Сонымен, Сара «Лашын» тобының екі әнін өз репертуарына қосады. Өйткені, дәл осы таңдаған әндері арқылы тыңдармандары оны бағалайды екен.

Сара Амангелді, әнші:

-Көп жерлерге барғанда мені «Таңдағаным», «Бағаламадың» әндерімен біледі көбісі. Кім айтады деген кезде, Сара деген қыз деп «Таңдағанымнан» біледі екен. Халықтың сүйікті әні деп білемін.

Ұстаздары Сараның өтінішін орындағанымен, кезінде «Кешьюден» кеткендегі әңгімесін ұмыта қойған жоқ. Еркіндікті аңсаған Амангелді, топтағы жұмысын табан астында тоқтатқан еді. Себебін сұрағанымызда, ұжымда өзін жайсыз сезінгенін айтқан-ды. Ал, музыкалық продюсердің жұмбақтап жеткізген жауабына зер салсақ, шәкіртінің сөзі шындыққа жанаспайтын секілді.

Бағым Мұхитденова, музыкалық продюсер:

-Шоу-бизнес әлемі – ашық алаң. Ол жерде бір нәрсені жасыру немесе құпия ұстау мүмкін емес. Сондықтан ертелі-кеш барлық болған жағдайдан, халық хабардар болады. Ақ-қарасы айтылады! Біз оған үйрендік.

«Лашынның» репертуарындағы өзге тректер «Кешьюдің» ән қоржынын толықтырыпты.