Парижде алғаш рет Карл Лагерфельдтің қатысуынсыз «Chanel-дің», көрсетілімі өтті. Мінбеде таныстырылған үлгілерді дизайнер өмірінің ең соңғы сәттерінде әзірлеген екен. Әдетте шат-шадыман көңіл-күйде өтетін фэшн кештің атмосферасы, бұл жолы өзгерек болды.
Демін ішке алып, халық тағатсыздана тосқан фэшн шоу бір минуттық үнсіздіктен басталды. Әуелі келген қонақтарға Лагерфельдтің дауысы сақталған жазба тыңдатылып, меймандар кутюрьені еске алды.
Карлсыз топтамасын ұсынса да, «Chanel» әдеттегі дәстүрінен таймауға тырысты. Әрбір көрсетілімін ерек шоуға айналдыратын бренд, бұл жолы қонақтарға Альпі баурайындағы ауылды аралап жүргендей сезім сыйлады.
Қысқы пейзаж тақырыбында таныстырылған топтама «Chanel» жанкүйерлері үшін ең ерекшесі болмақ. Себебі, Карл Лагерфельд өмірінің соңғы күндерін дәл осы үлгілерді әзірлеуге сарп еткен. Ең қызығы, дизайнер әдеттегі твид пен нәзік түстерден өзге, алғаш рет ашық-жарқын реңктерге таңдауын түсіріпті.
Каролин Лебар, К.Лагерфельдтің PR-менеджері:
-Көрсетілім Карлдың табиғатына сай. Әрине, оның арамызда болмағаны қынжылтады. Алайда, ол әрдайым біздің жүрегімізде қала бермек.
Сахнада төбе көрсеткен Пенелопа Круз көрсетілімнің шымылдығын ресми түрде жапты. Мінберге ақ раушан гүлін ала шыққан ол, Карл Лагерфельдтің ең соңғы музасы саналады.
Өмірден өткен дизайнердің ақырғы үлгілерін тамашалауға келген жұлдыздар көп болды. Кристен Стюарт, Клаудия Шиффер, Наоми Кэмпбелл, Моника Белуччи – барлығы да әйгілі шебер туындыларының адал жанкүйерлері.
Гадфрей Дэни, фэшн-журналист:
-Карлдың үлгілері тарихта қалады. Ал, дизайнердің өзі ерекше адам еді. Бай болсын, кедей болсын, кім болса да ол барлығына бірдей қарайтын. Сән әлемі оны ұмытпайды.