«Ұлы дала баласы» ұлды болды! Осыдан тура төрт жыл, төрт ай бұрын шаңырақ көтерген Төреғали, күні кеше төртінші мәрте әке атанды. Енді әншінің Тоғжан, Томирис және Фатима есімді бұрымдылары әпке мәртебесін еншілеген.
Иә, Төрешті тоғыз ай көрмесеңіз «бауы берік болсын» айтып, ақ тілекті ақтаруға әзір тұрыңыз. 2018-дің сәуірінде үшінші мәрте қызды болған хитменге, 11 айдан соң сүйіктісі Толқын шекесі торсықтай ұл сыйлады. Ұзын құлақтан естуімізше атұстардың есімі – Төрәлітегі Төренұр Төреғалиұлы!
Жыл сайын шаңырақты шаттыққа толтырған келінге, әсіресе әншінің анасы дән риза болар. Өйткені, қалауындағы қалыңдықты ұлына таңдап берген өзі еді.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Кішкентайымнан анам айтатын. Балам, 25-ке келіп үйленесің деп. Ақылыңды тоқтатып, оң мен солыңа қарап деген. Бірақ, 22 жасымда келінін көрді де, үйленсең де, үйленбесең де үйленесің деп, үйлендіріп жіберген, анам еді негізі. Мен айттым қазіргі жағдайымызбен тойды жасай алмаймыз бәрібір. Тойды жасамасаң кейін жасайсың деді.
Дегенмен,Төреш сері жұбайы жайлы ұзық уақыт жан баласына жақ ашпады. Атышулы әнші 2014-тің қарашасында ақ құсын қолына қондырғанымен, үш жылдан кейін ғана дүбірлі той жасап, жұмбақ жанды жұртқа таныстырған еді. Бұрын-соңды БАҚ өкілдеріне бірге сұхбат беріп көрмеген Төреғали мен Толқынның, камера алдында мына толқуы да орынды...
Толқын Тұрарбекқызы, Т. Төреәлінің жұбайы:
-Аллаға шүкір, ерекше бір сезім. Әрбір қазақ қызына осындай сезім тілеймін!
Төреғали Төреәлі, әнші:
- Бір күнде 4-5 ақынмен айтысқан кездер болды ғой. Бұлай қобылжымайтын едім. Бүгін ерекше бір қобалжу болып тұр. Бұдан кейін үйленбеспін десең ә...!
Толқынның декреттік демалысы тағы ұзарды. Төреғали да жұбайының жұмыс басты болғанын және жұрт назарында жүргенін қаламайды.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Шошқадан да төменге теңеп қояды да, әйелін қызғанбаған еркекті. Сондықтан ең үлкен, ең қымбат қазынаны жасыру керек адам. Ешкімге көрсетпеуге тырысу керек.