«Тауық сойса да, қасапшы сойсын!» Отандық киноиндустрияның қоржынын «Саяхатшы» атты су жаңа лентамен толықтырған түсірілім тобына, тәжірибелі мамандардың айтқаны бұл. Соған қарағанда тұсауы кесілген тың жоба, алғашқы көрермендердің көңілінен шықпаса керек...
«Саяхатшы» – байлық пен мансапты алға қойып, таққа таласқан жастардың өмірін суреттейтін су жаңа фильм. Күні кеше тұсауы кесілген картина детектив жанрында жарыққа шықты. Туындыға режиссерлық еткен Нияз Әбдіғапардың негізгі мамандығы – музыкант әрі заңгер екен.
Нияз Әбдіғапар, режиссер:
-Егер бір нәрсені білмесем, біреуден сұрауға арланбаймын. Қазіргі таңда ғаламтор бар. Көптеген кітаптарды оқимын. Солай тәжірибе жинап, өздігімен үйренуге мүмкіндіктер көп. Кәсіби білімсіз фильм түсіруге болады. Бірақ оның өте қиын екенін түсініп жатырмын.
Әуесқой режиссердың актерлық құрамы да, киноға қызығушылығы бар қыз-жігіттерден жасақталған екен. Мәселен, басты рөлдердің бірін сомдаған мына Мөлдір Мекембаева есімді сұлу, өмірде спортшы әрі болашақ математик.
Мөлдір Мекенбаева, актриса:
-Шынымды айтсам, иә кішкене қиындау сәттер болып тұрады. Кейбір заттарды білмеген соң. Мысалы, жаңағы ракурстар болады кей кезде. Жарыққа шығу дейді. Енді әрине киноға түсіп жатқан кезде, көп нәрсе түсіндім. Көп нәрсе біліп алдым өзіме.
Түсірілім алаңында арнайы білімнің қажет екенін түсінген Мөлдір, оқуын тәмамдаған соң, «актриса» мамандығына қайта құжаттар тапсыруды көздеп отыр. Ал, әуесқой команданың жаңа жобасындағы кемшін тұстарды, алғашқы көрермендері де бірден аңғарғандай.
Шәріп Серік, актер:
-Динамика жетпей қалды. Сәл созып тастағандай болды.
The kitchen songs, әнші:
-Фильм басынан басталған жоқ. Ортасынан басталған сияқты.