«The world's best» шоуының қатысушысы Данелия Төлешова, енді актриса атанбақ. Әнші қыз, қырғызстандық режиссер Руслан Акунның ғаламторсыз күн кешетін жастар жайлы - «Каникулы off-line» комедиясында ойнайды. Ал Төлешованың өзі интернетке қаншылықты құмар?
Түрлі музыкалық бәйгелерден қолы босамайтын Данелия Төлешованың атынан, әлеуметтік желіде алғашында анасы отыратын еді. Талантты қыз, бүгінде ғаламтордағы барлық жаңалықтарды қалт жібермей қарауды өз қолына алған.
Данелия Төлешова, әнші:
-Әрине, мен де кез-келген ғаламторға тәуелді адам сияқты, интернетте отырамын. Кейде тым көп уақытымды әлеуметтік желіге жұмсаймын. Бұл әдеттің кері әсерін тигізетінін де білемін.
Данелия көбіне өзінің инстаграм парақшасын бақылайтын көрінеді. Әнші қыз өзіне жазылған кереғар пікірлерге аса назар аударатын болып шықты.
Данелия Төлешова, әнші:
-«Жұлдыз ауруына шалдыққан, кішкентай, сүйкімсіз және сол сияқты көптеген жағымсыз коментарий қалдырады.»
Төлешова музыкамен қатар актрисалықты да байқап көрмек. Жас өнерпаз қырғыз режиссеры Руслан Акунның кезекті комедиясына шақырту алған. Данелияға фильмде өз-өзін сомдау бұйырыпты.
Данелия Төлешова, әнші:
-Мен қазір басқа да кастингтерге қатысып жүрмін. Енді жақын арада, арманым орындалады деген үміттемін. Себебі мен болашақта әнші ғана емес, актриса да болғым келеді.
«В поисках мамы» картинасымен етене таныс режиссер Руслан Акун «Каникулы off-line» туындысының саундтрегін шырқауды да Данелияға сеніп тапсырыпты.
Руслан Акун, режиссёр:
-Фильмге арналған тректі көп уақыт дайындадық. Саундтректі кім орындау қажет деген сәтте, бірден Данелия есімізге түсті. Кішкентай балаларға, Данелия шырқайтын болса, сенімдірек болады деп ойлаймын.
«Каникулы off-line»- ғаламтор әлемінен жырақтап, ауылға аттанатын жастардың өмірін баяндайды. Комедияға толы лентада, интернетке құмар жандарға, байланыссыз да дүниенің қызыққа толы екендігі көрсетілмек.