Зарина Омарова, жиырма жыл бұрын жарыққа шыққан әнінің заңды орындаушысы өзім дегенді мойындата алмай жүр. Халық арасында кезінде хитке айналған туынды құлаққа таныс болса да, оны әншінің репертуарына тиесілі трек екендігін көп ешкім білмейтін көрінді.
Он жылын отбасына арнаған Омарова, аудиториясын азайтып алғанын айтады. Тіпті, көзден таса болған әншінің репертуары да ел жадынан ұмтыла бастаған.
Бұрындары Заринаның «Жан гүлім» хитін жиі шырқалса, қазір орындаушысы жайлы білетіндер некен-саяқ.
Зарина Омарова, әнші:
-Бұл әнді кім айтады деп көбісі сұрайтын. Өйткені бейнебаян жоқ. Тек өзі халықтың арасында, той-томалақта тарап кеткен ән еді де. Сол себепті қатты жаңағы өкініп, неге түсірмедім сол кезде деп... осы декреттен кейін сахнаға шыққанымда, осы әнге түсіремін деп өз-өзіме айтқанмын.
Таяуда Әлішер де ескі хитін қайта жаңғыртты! Бұрынғы әнге жаңаша дем беру – әнші жігіттің жүрек қалауы. Сондықтан, ол ғаламтордағы қаралымның мөлшеріне бас қатырмайды.
Әлішер Кәрімов, әнші:
-Менің бейнебаяндарымда мынадай жағдай болған жоқ, бір күнннің ішінде бір миллион. Ақырындап өз көрермендерін, тыңдармандарын жинайды. Жүректерге жетеді әндерім.
Төреғалидың репертуарындағы «Бір түрлі қызы» - кезінде көп әнінің бірі еді. Тіпті, концерттік бағдарламасынан бұл туындыны сызып тастаған сәттері де болды. Кейін музыкалық шығармаға кеш те болса көптің қызығушылығын оятып, бірден бейнебаян таспаланып, халыққа ұсынылады.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-«Бір түрлі қыз екен-ай» деп өте қатты кетіп қаламыз-ау деп, біз ол әнді алдық та лақтырып тастадық. Кейін сол әндерді таратқанда, арасында «Бір түрлі қызды да» таратып жіберген. Сол 22 тұлпардың ішінде сол біреуі ғана озып, дара шауып, тыңдалып кетті де.
«ТТТ» командасы тыңдарманын тапқан трекке екінші мәрте клип түсірді. Сұранысы артқан әннің соңғы нұсқасы Мәскеуде таспаланған.