Досхан Жолжақсыновтың қазіргі қазақстандық фильмдерге көңілі толмай отыр. Халық әртісінің қытығына тиген – отандық кинокомедиялардағы тіл мәселесі. Әйгілі актердың айтуынша, қазақша мен орысшаны шұбарлап, қалтасын қалыңдатуды көздегендер – нағыз сайқымазақтар!
Иә, бүгінгі кинолардың бет-бейнесі осындай. Өйткені, отандық картиналардың сценариі аралас тілдегі диологтардан құралған. Коммерциялық жобаны жарыққа шығарған команданың көздегені – кассаны қаржыға толтыру. Мұндай мақсатты күйттегендер, соңғы кездері Досхан Жолжақсыновтың жүйкесін жұқартып жүр.
Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық әртісі:
-Қытықтап күлдіретіндер орысша қосқанына мәз. Бұл мәңгүрттік. Бұл дені сау адамның ісі емес. Сен күлдірсең, тиянақты оқиғамен, әдемі тіліңмен күлдір. Әдемі тіліңмен жылат, қолыңнан келетін болса. Қолыңнан келмей, сен сегіз қазақшаңа, оны екі орысша қосып күлдірем десең, сен сайқымазақсың!
Халық әртісі тілге тиек еткен туындылардың басым бөлігіндегі рөлдерді дәл осы Әбунасыр Серіков сомдайды. Сұраныстағы актерға жүктелген жұмыс –
сценарийдегі мәтінді қай тілде болса да, жаңылмай жаттау.
Әбунасыр Серіков, актер:
-Біз қазақша мен орысшаны қосып, көрерменді жинап, олар ақшасын табады. Одан екінші фильм шығарады. Содан кейін біздің басқа ұлттарымыз қазақшаға үйреніп жатыр, осы кино арқылы біртіндеп. Сондықтан біз барлығын қазақша қылып жіберсек, бізде басқа ұлттар бар. Олар да түсіну керек, көру керек. Өнерде шекара болмау керек.
«Бір сен үшін» фильмі арқылы кинопродюсерлікке бет бұрған Азамат Сатыбалдының да алғашқы жобасында қазақ пен орыс тілдері тоғысқан. Бірақ табысы қалтасын қалыңдаған жоқ! Қазіргі таңда екінші лентасын таспалаудың қамына кіріскен актер, дебютінде кеткен кемшіліктерді түзетуге тырыспақ.
Азамат Сатыбалды, актер, кинопродюсер:
-Мүмкіндігінше бір тілде түсіру керек екен. Жүз пайыз қазақша, жүз орысша деген сияқты. Сенің коммерциялық бағытың, ұстанымыңа байланысты. Сценарий орысша жазылды. Орысша түсіруге тырысамын.
Азаматтың кезекті картинасы «Родной» деп аталады. Шығармашылық ұжым түсірілім жұмыстарын келесі айдың басында қолға алмақ.