Джеймс Кэмеронның да қолынан шыққан дүниені, тамашалар уақыт алыс емес! Әйгілі режиссер өзі таспалап жатқан екінші «Аватарға» қатысты тың деректерімен бөлісті. Сөйтсек, сиквелдегі оқиғалар желісі, көрермен күткен деңгейден тіпті асып түспек екен...
Джеймс Кэмерон спойлерлерден қорықпайды! «Empire» басылымына ағынан жарыла сұхбат берген режиссер, «Аватар» сиквелының сюжетін баяндап берді. Киногердің айтуынша, Джейк пен Нейтири бәз-баяғыша бірге болмақ. Тек, енді екі әлемді жалғаған қос ғашық, 8 жасар қыздарын тәрбиелейді.
«Аватар» жалғасында ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық ұрыс-керіске де орын бар. Джеймс Кэмеронның айтуынша, жанұялық жанжал фильм сюжетінің жаңаша бір қыры. Түрлі келіспеушілік пен өзге де мәселелерді, режиссер кішкентай бүлдіршіннің көзімен жеткізуге тырысқан.
Сондай-ақ, режиссер ел естімеген құпиясымен де бөлісті. Кезінде «Аватардың» бас кейіпкерін – Сэм Уортингтон емес, Ченнинг Татум сомдамақ болған екен. Картинаның кезекті бөлімінде де актерлар құрамы еш өзгермеген. Фантастикалық туынды 2020-шы жылдың желтоқсан айында көрерменге жол тартпақ. Ал, сиквелдің үшінші бөлімін таспалау 2021-ге жоспарланып отыр.