Кира Найтлидің жаңа туындысы!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандастарымыздан қалыспай, Кира Найтли да су жаңа туындысының тұсауын кесті! Көптен бері көзден тасада жүрген актриса, тағы бір биографиялық лентада бой көрсеткен еді. «Соғыстың салдары» атты драмада Кира Найтли – әскери адамның әйелінің рөлін сомдайды.

Соңғы уақытта тарихи туындыларға түсуін жиілеткен Кира Найтли – бұл кештің басты жұлдызы. Британдық актриса қызыл кілемде «Chanel» сән үйі ұсынған ұзын қара көйлекпен көрінді. Дегенмен, қуанышты сәтте Кираның жанынан асыл жары Джейм Райтон табылмады. Сондықтан, бикеш ондаған камера объективінің алдына, кинодағы күйеуі – Джейсон Кларкпен шықты.

Бұл лентада Кираның сүйіктісі – қаһарман кейіпкер рөлінде. Биографиялық туынды екінші дүниежүзілік соғыстың кезін суреттейді. Гамбург мэры атанған Льюис Морганға, шайқастардан қираған қаланы қалыпқа келтіру керек. Енді ол, кезінде қас жауы болған адаммен бір шаңырақ астында ғұмыр кешуге мәжбүр.

Джейсон Кларк, актер:

-Көз алдыңызға 1945 жылды елестетіп көріңізші. Соғыстан кейінгі қирап қалған қала. Алайда, қиын-қыстау күндерді, кейіпкерім Льюис сынды адамдар жеңе білді. Дәл сол азаматтар Еуропаны бүгінгі күнге жеткізді дер едім.

Талайдың тағдырын тәлкек еткен сұм соғыс хикаясы, Кира Найтлиді де бейжай қылдырмаған. Сондықтан актриса, бұл биографиялық фильмге түсу жайлы ұсынысты бірден қабылдапты.

Кира Найтли, актриса:

-Тарихтан бейхабар едім. Екінші дүниежүзілік соғыс пен оның соңы туралы да аз білетінмін. Сондықтан, сценарийді оқып шығып терең ойға қалдым. Қас дұшпан болған ағылшындар мен немістер, қанды кекті ұмытып, бейбітшілік жолында бірге ғұмыр кешеді. Бұл ерекше құбылыс.

Тарих беттерін қайта парақтайтын туындының режиссеры - Джейм Кент. Лента бүгіннің өзінде көрерменнің 97 пайызы тағатсыздана тосқан картиналардың тізімінде тұр. Фильм, осы жылдың көктемінде үлкен экранға жол тартпақ.