Еуропалық сәнқойларды да таңқалдыра білетін Айнұр Тұрысбек, тың туындыларын таныстыруда шет қалмады! Лондонда болмаса да, дизайнер ең жақындарын жиып, кішігірім топтамасын ұсынды. Бұл жолы, «былғары ханшайымына», «махаббат» – шалқар шабыт сыйлаған сыңайлы.
Айнұр Тұрысбек, дизайнер:
-Бұл капсулды топтамам спорт бағытында жасалған. Жеңіл жейделер мен көйлектер. Яғни, ыңғайлы киімдерден тұрады.
Үлгілерін бәз-баяғыша қара түсте ұсынғанмен, бұл жолы дизайнерге мүлде жаңа дүние шалқар шабыт сыйлаған-ды. Туындымның өмірге келуіне ыстық сезім әсер етті деген Айнұр, махаббатты өздігінше түсінеді.
Айнұр Тұрысбек, дизайнер:
-Мен үшін махаббат фракция. Бірнеше күйден тұратын фракция. Ол – сенім, сыйластық, бір-біріне қызмет ету, сену, түсіну.
«Былғары ханшайымының» топтамасына алғаш болып баға берген меймандар да, махаббат тақырыбын талқылауды жөн көрді. Мәселен, Айнұр Ілиясова тек ғашықтық отына күйген жан – жемісті еңбек ете алады деп санайды.
Айнұр Ілиясова, актриса:
-Көп қой ондай мысалдар. Жаңағы, жігітімен ұрсысып жұлдыз болып кетті. Үлкен бір табыстарға жетті деген сиқты. Мысалы үшін Гвен Стефани. Ол баяғыда болған нәрсе. Жігітімен ұрсысып, күйеуі ма жігіті ме есімде жоқ... Содан осы «Don`t speаk» әнін айтып хит болып.
Хит әуенді жазбаса да, ыстық сезімі – Ілиясованың ауқымды шара «Бөпе фэйрдың» жүзеге асыруына септігін тигізген еді.
Айнұр Ілиясова, актриса:
-Дарияға деген махаббаттан – фестивалі өзі алдын алды. Фестиваль жыл сайын үлкен қарқынмен өтіп келе жатыр. Және биылға жоспар бар үлкен, биылғы жоспар.
Бұл пікірмен Асқар Ұзабаев та толықтай келіседі. Алайда, киногер өкінішке қарай «махаббатын» кездестіре алмай жүр.
Асқар Ұзабаев, режиссер:
-Әрине, режиссер әрдайым ерек күйде тың дүниелерді дүниеге әкеледі. Алайда, мен ғашықтық шығармашылығыма әсер етті деп айта алмаймын. Алайда, болашақта сондай сәтті басымнан өткеремін деген үміттемін.
Көпшілік талқыға алған сезім сиқырын Тұрысбек бір-ақ топтамаға сыйғызандай. Дизайнер, «Махаббат – қозғаушы» күш екенін жалғыз белгі – «жүрек» суретімен жеткізе білген.