Өз жалғасын тапқан, Құралай Анарбекованың «Брат или брак 2» картинасы, отандық прокаттағы үздіктер көшін берер емес. Комедия екінші апта қатарынан америкалық ленталарды шаң қаптырды.
Үздік үштікті «Клаустрофобшылар» лентасы, 41 млн теңгеге жуық пайдамен түйіндеп тұр. Триллер жанрында таспаланған қорқынышты туынды, квест ойынында бағын сынап көрмек болатын алты жеткіншектің хикаясын баяндайды. Бұл жерде жеңімпазға уәде етілген қомақты қаржы емес, олардың өмірін аман алып қалуы маңызды болмақ.
Екінші сатыға – Лиам Нисонның «Қар тазалаушы» картинасы тұрақтады. Актер нәсілшіл деп айыпталса да, туынды әлемдік прокатта үздіктер қатарында.
44 млн-нан аса қаржы жинаған фильм – нағыз атыс-шабысқа толы драма. Сюжет желісінде, кейіпкер Коксманның баласын есірткі тасымалдаушылар өлтірмек болады. Ұлының кегін қайтару мақсатында Коксман, бұзақылардың көзін біртіндеп жоюға кіріседі. Бірінші орынға жайғасқан, Құралай Анарбекованың «Брат или брак 2» комедиясы.
Бұл аптада Айгерімовтер отбасы жайлы фильм, қоржынын 96 млн теңгеге толтырды. Бес бірдей ағасының көңілінен әрең шығып, сүйіктісін жары еткен Айдар, енді «жүктілік синдромына» шалдығады. Ол әке атанбас бұрын, аяғы ауыр жұбайының бар қиындығын басынан өткеру тиіс.