«Тағдыр бекеті» Баянды табысқа жеткізбеді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Алғашқыда апталық табысымен көш бастаған «Тағдыр бекеті» мелодрамасын, бір жұмадан соң бәсекелестері алтыншы орынға ығыстырған. Бұл жолы Баянның фильмі ондыққа да ілінбепті. Аталмыш картинасы арқылы, қалтасын қалыңдатуды көздеген Алагөзова, кассалық кірісінің құлдырауын қалай қабылдады?

Баян Мақсатқызы, продюсер:

-Қазақстандық киноиндустрияда мелодрама жанры аса дамымаған. Біз нартәуекелге бардық. Әрине, табысы жағынан бұдан да жақсы нәтиже күткен едім. Бірақ, барды қанағат етуге тура келеді.

Бұл мелодрама шоу-бизнес өкілдерінің көңілінен шыққан. Өйткені, отандық фильмдерді бірінші болып тамашалайтын танымалдарды, таптаурын тақырыптар жалықтырып жіберген сыңайлы.

Алтынбек Рахметов, продюсер:

-Той жайында, келін жайында, тағы да басқа кинолардан шаршаған секілді болдық. Бұл кино – ойландыратын кино!

Айтпақшы, бүгінгі келін мен ененің текетіресін таспалауға құмар Асқар Ұзабаев, бұл пікірмен мүлде келіспейді. Киногердің сөзіне сенсек, «Келинка тоже человек-2» картинасының жарыққа шығуына көптің өтініші себеп болған.

Асқар Ұзабаев, режиссер:

-Біз «Келинка тоже человек-2» комедиясының екінші бөлімін ютуб желісіне жүктегенде, көрермендер пікірінің барлығын оқып шықтым. Бірде-бір кереғар жазба жоқ. Сол кезде бұл фильмнің жалғасын түсіру туралы ұсыныстан кейін, жаңа идея туды.

Таяуда «Тақиялы періштенің» де жалғасы отандық прокатқа жол тартқан-ды. Әйгілі комедияның екінші бөлімін таспалаған түсірілім тобының басты мақсаты, жарты ғасырдан соң Тайлақ ақсақалды дүйім жұртпен қайта қауыштыру еді. Тосын ұсыныстан қарт актер да бас тартпаған.

Әлімғазы Райымбеков, актер:

-Бірден бардым, бірден... Неге десең, сағынып жүрдім ғой. Кино өнеріне сағынып, Шәкен ағаны сағынып...

«Тайлақтың тақиясы» тұсаукесерге келген көрерменді баурай алған жоқ, кассалық табысы да жұтаңдау. Бірақ бұл келеңсіздік шығармашылық ұжымның шабытына шектеу бола алмаса керек. Олар келешекте аталмыш кинотуындыны трилогияға ұластырмақ ниетте екен.