Бри Ларсон «Капитан Марвелдың» тұсаукесеріне не киемін деп, бас қатырмаса да болады! Жұлдыздардың сүйікті бренді – «Майкл Корс» су жаңа топтамасын ұсынды. Тіпті, тың туындыларды тамашалауға Майкл Дугластың өзі де келді.
Фэшн шараларда төбе көрсете бермейтін Майкл Дуглас, бұл кешке әйелі мен қызын да ерте келген. Жұлдызды жанұядан өзге, Кейт Хадсон, Приянка Чопра, Оливия Уайлдтың өзі Корстың көрсетілімін алдыңғы қатардан тамашалады.
Кейт Хадсон, актриса:
-Мұндай шараларға қатысу өте маңызды. Сенесіздер ме, мен тұрмақ, балаларым да сәннен хабардар болғысы келеді. Трендтен қалмау – заман талабы.
Бұл күні сән сахнасы да жұлдыздардан кенде емес! Жаңа үлгілерді әпкелі-сіңлілі Хадид пен Кайя Гербер таныстырса, Барри Манилоу фешн шоуды әсем әнімен әрлей түскендей. Майталман музыкантқа 70-ші жылдардың супермоделі Патти Хансен серік болды.
Корстың көрсетіліміне танымал замандастарын шақыртуы бекер емес. 60-жасқа толуы әсер етті ме, Майкл өткенін еске алғысы келгендей. Шебердің туындыларына 70-ші жылдардың сәнін негіз етуі де осыдан.
Майкл Корс, дизайнер:
-Нью-Йоркке 70-ші жылдардың соңы көшіп келдім. Ол кезде қала қиын күндерді бастан кешіп жатса да, адамдар әрдайым көңілді, сәнді еді. Сол құбылыс маған шабыт сыйлап, жетістікке жеткізді.
Бүгінгі мен бұрынғының тоғысын, келген қонақтар да құп көргендей. Жасанды теріден тігілген тондар, қауырсын мен шоқ шашақ, алтын мен жылтырақ маталар – барлығы құдды бір ескі кинолардағы көрініске тән.
Майкл Корс, дизайнер:
-Үлгілерде жібек, атласты көптеп қолдандық. Ол маталардың денеге жабыспай, сусылдап тұратыны ұнайды. Сондай-ақ, құрақтан жасалған пальтолар да бар.