«Опмай-опмай» орындаушылары жалқау ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Опмай-опмай» орындаушыларын желідегілер жазғыруда. Отандық шоу-бизнеске 15 жыл бұрын келгендерді, жұрт осы уақыт ішінде айтарлықтай шығармашылық жұмыс істей алмадыңдар деп сынға алған. Бұл пікірмен «Азия» мен «Бақай» ұжымының жігіттері келісе ме?

«Азия» & «Бақай»:

-Үзіліс ұстаған шығармыз кішігірім. Бірақ біз ізденісте жүрдік және де біз түбегейлі бастаған кезде, «Азия» немесе «Бақай» тобында, бала-шаға ештеңе болған жоқ қой. Одан кейін біз өстік, біз үйлендік. Біз де өзіміздің жағдайымызды жасадық.

Отбасын құрып, отағасы атанғандар, осылайша «Опмай-опмаймен» ортаға қайта оралды. Бірақ бұл жігіттерді әжуалағандардың санында шек болмай тұр. Продюсер Ақылбек Досжан кезекті посттарының бірінде, «Бақай» тобындағы Бекке мына бір астарлы әзілін бағыттапты.

-Құдай, берем десе екі рет береді екен ғой, мысалы Бек Шәріпке. «Кім кінәлі/Опмай»

Жазба авторының айтпағы, 15 жыл ішінде екі туындысы ғана «Бақай» дуэтінің бағын жаға алды. Соңғысы «Опмай» болса, топты танытқан тұңғыш трек «Кім кінәлі».

Мұндай пікірлер «Азия» тобының жігіттеріне де жиі жазылады. Аталмыш трио алғаш рет 2004-ші жылы «Ғажайып күй» хитімен танылған-ды.

«Азия» & «Бақай»:

-«Ғажайып күй» әнінен басқа ештеңе жасамаған сияқты айтады да кейде. Бәрін есіне салып кетейінші деп айтып отырмын осыны. 2014 пен 2018-дің арасында, төрт-ақ жыл шығар үзіліс ұстағанымыз. Соны барлығы, біз 15 жыл бойы үндемей жатқандай айтады

Иә, бұдан былай қос топ та тоқтап қалмайтындарын айтады. Ұзақ үзілістен кейін, ел ішіндегі әнсапардың да жоспары құрылып қойған. Сондай-ақ, сынға қалған серілер, таяуда «Опмай-опмайдың» екінші бөлімін таспаға тартпақ.

«Азия» & «Бақай»:

-Креатив бар бізде де. Креативті бізде ойлана аламыз. Біз қартайып қалған жоқпыз. Біз әлі де жақсы өнер иесіміз. Өзімізді көрсету дегеннен бұрын, бұл жерде біреуге дәлелдету емес. Біз осыдан 15 жыл бұрын жарқ етіп шығып, өзіміздің өнер иесі екенімізді дәлелдеп қойғанбыз.