Сән әлемінің жарық жұлдызы Наоми Кэмпбелл, махаббатын кездестірді. 48 жастағы сәнбике «One Direction» тобының экс-солисі – Лиам Пейнмен көңіл жарастырып жүр. Алайда қос ғашық ел көзіне түсуге әзірге неге құлықсыз?
Наоми Кэмпбелл мен Лиам Пейн бірнеше айдан бері қарым-қатынаста. Британдық сәнбике мен «One Direction» тобының экс-солисі, жұп ретінде көпшілік назарынан тыс жүруді қалайды. Ғашықтар шақырылған кештерге де бөлек баруды ұйғарған. Бұл Ноамидің қалауы екен. Ол өзінің жеке өмірін жұртқа жария етуден, үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Хайди Клум өзі сүйген серісіне тұрмысқа шықпақ. Сәнбике «Tokio Hotel» тобының мүшесі - Том Каулитцпен сөз байласып қойғандарын мәлімдеді. Таяуда қалыңдық атанамын деген актрисаның, ұзатылар күні де белгілі екен. Алайда Том мен Хайди, шаңырақ көтеру тойын құпия түрде өткізбек.
Ал бірнеше ай бұрын өмірден өткен Мак Миллердің жақындары, музыканттың мұрасынан табыс тауып келеді. Бақилық болған өнерпаздың шотына 5 млн АҚШ доллары түскен. Бұл рэпердің соңғы «Swimming» үнтаспасына тиесілі пайда. Ариана Гранденің экс-ғашығының еңбегі, күні кеше өткен «Грэмми» марапатының «үздік поп-альбом» аталымына да үміткер болған еді.