Есесіне, дәл қазір Нью-Йорктегі фэшн-уиктің көркі қызуда! «Каролина Эррера» брендінің дизайнері Уэс Гордан, өз үлгілерін Меган Марклды елестете отырып дүниеге әкелген көрінеді. Су жаңа топтаманың – құдды патша әулетінің келіндеріне арналғандай болуы да сондықтан.
Көк, сары, фуксия, қызғылт, жасыл! Түс таңдауда тосылып қалмаса да, Уэс Гордан жаңа үлгілерінде ашық-шашық образдардан қашқақтағандай. Топтаманың басым бөлігі бүкпелі жең, кең көйлектер мен жарқын реңкті костюмдерден құралған.
Уэс Гордон, дизайнер:
-Мына әлемге түрлі түстер жетіспейді! Көңілді көтеретін реңктер. Топтамамызды үлкен мегаполисте, көптің ішінде ерекшеленгісі келетін жандарға арнадық.
Сәнқойлардың үстіндегі үлгілерді кішкентай сөмкелер мен матамен қапталған аяқкиімдер ажарландыра түсті.
Франческо Рагацци болса, шалқар шабытты патшалық әулеттің келіндерінен іздемейді! Себебі, оның музасы – Мэрлин Мэнсон. Стритсайлдан шаршадым деген шебер, әлемге жаңа дүние сыйлағысы келген екен.
Франческо Рагацци, диазйнер:
-Ерлер сәні мен спорттық киімдерге құмармын! Алайда, бұл жолы осы екі дүниеге мүлде басқа қырынан қарап көруге тырыстым. Байқағандарыңыздай, топтамам Мэрлин Мэнсонды еске түсіреді.
Бұл күні Леди Гага бастаған өнер өкілдерінің сүйікті дизайнері Прабал Гурунг те топтамасын таныстырған еді. Шебердің көрсетілімі де әсемдік әлемінің жұлдыздарына толы болды. Белла Хадид, Винни Харлоу мен Тейлор Хилл сәнбикелер сапында.
Прабалдың тың дүниелері саяхат тақырыбына арналған. Шебер әлемнің әр елінен алған әсерін, бір топтамаға сыйғызуға тырысып баққан.