Ән ұрлаудың қазақша әдісі!

Сообщить о проблеме с эфиром

Еліміздегі азулы композиторлар отандық сазгер-сымақтардың ән ұрлау әдісін әшкереледі. Өзге елдің әуеніне құда түсетіндер, музыканы ұрлаудың ерекше тәсілін тапқан көрінеді. Өнер әлемінде белең алған бұл өрескелдіктерді Серікқазы Аязбаев толығырақ тарқатады.

Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар және Серік Ибрагимов сынды әншілер – шетелдік әуендерге жиендік жасауда алдарына жан салған емес. Бірақ олардың туындылары отандық арналарда хит шерулердің көшін бастап, тыңдармандар арасында тез таралады.

Әли Оқапов, әнші, композитор:

-Шетелде хит болған әннің, осы елімізде жергілікті хит болатынына, әлдеқалай сенімділігі бар ма, немесе шынымен де солай бола ма, деген сияқты ой ғой. Яғни, біріншіден хит ән шығару үшін. Екіншіден жалқаулық шығар. Өйткені жай ғана бір жерден естіп алып, өзің аударып ұрлап, немесе қайта ұқсас қылып қайта жазу – ол әлдеқайда оңай.

Жеңілдің үстімен жүріп үйренген жұлдыздарға Әлидің беретін бағасы осындай. Өнердегі бұл жағдайдан Жеңіс Сейдоллаұлы да хабардар екен. Алғашқыда ізінен ерген інілерінің талантына тәнті болғанымен, кейін көңіліне жаққан әннің көшірме әуен екенін аңғарғанын айтады.

Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші, композитор:

-Көбінесе мынау плагиатпен байланысты, жағдайлар орын алып жатады. Сол жерін абайлау керек. Өйткені композитор болу үшін, білімді болғаны жөн қазіргі заманда. Өйткені білім арқылы ғана, жақсы дүние алып келуге болады. Білімді адам әрқашанда ізденісте жүреді.

Шоу-бизнесте аяғын алшаң басып, қулығын асырған өнерпаздардың тың тәсілдері мұнымен шектелмейді. Шығармашылықтағы шикілігін білдірмес үшін, шекара асатындары да жоқ емес.

Алтынбек Қоразбаев, әнші, композитор:

-Әдейі командировкамен ұшып барады екен. Әндердің бәрін фонотекадан жинап-жинап, соның ішінен жөндеп, өңдеп, соны қазақша қылып айтады екен. Еуропаның әндерін қазақшаға аударып айтып жатса, мен келіспеймін.

Алдағы уақытта композиторлар одағы сазгерлерді қатаң сұрыптаса, жалған таланттардың саны азайып, көп хиттің өшетіні айдан анық!