«Кешью» тағы плагиатқа ұрынды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Баян басқаратын топтың басы даудан арылмай-ақ қойды. желідегілердің жазбасына зер салсақ, бұл жолы атышулы «Кешью», шет елдік әуенге жиендік жасаған көрінеді. Жақында ғана жасақталған жаңа құрамның алғашқы қадамы, дәл осындай жанжалмен басталмақ па?

Жаңа құрамның тың туындысын желіге жүктеген сәтте, «Кешью» бірден сын садағына ілікті. Көзі қырағы көрерменнің пайымдауынша – бұл трек әйгілі «Блэк стар» лейблының экс-мүшесі Кристина Сидің әніне қатты ұқсайды.

Бағым Мұхитденова, музыкалық продюсер:

-Әуелі әннің толық нұсқасын тыңдап көру керек. Содан кейін ғана тыңдармандардың «плагиат» туралы пікір қалдырғаны дұрыс болар. Мен Кристина Сидің фанаты емеспін, бірақ клипін көрдім. Екі әндегі ұқсастық, тек рэп партиясында ғана.

Десек те сенімнен гөрі, Бағым ханымның кеудесінде күдігі көп. Өйткені «Халық айтса - қалт айтпайды»! Продюсер бірден композиторға қоңырау шалып, сұрақтың астына алған.

Ербол Салықбаев, композитор:

-Бағым Мақсатқызы азанда хабарласып, Кристина Сидің «Я хочу» деген әнін білесің бе деді. Негізі ол әнді бәрі біледі. Кезінде хит болды. Мен де білемін. Бірақ үңіліп тыңдаған жоқпын. Жаңағы радио, инстаграмнан тыңдағаным болмаса сол сәтін.

Сол сәт сазгердің жадында сақталып қалса керек. Кристина Сидің әнін қайта тыңдағанда, ол байқаусызда аз-кем ұрлыққа барғанын аңғарған.

Ербол Салықбаев, композитор:

-Жаңағы «Я хочу» деген жерлерінде шамалы бір сәйкестік бар екен. Әркімнің сөйлеу мәнерінде ұқсастық болады да. Сол сияқты әннің манерасы ұқсап қалды да, сол жерінде. Болды!

Кейінгі кездері «Кешьюдің» репертуары экспериментке толы. Баяғы «алтын құрам» ән салған тұста, аталмыш ұжым тыңдармандарын лирикалық және патриоттық туындыларға сусындатушы еді. Соңғы жылдары Баянның қыздары «хайп» немесе «эшкеремен» ерекшеленуге құмар.

Бағым Мұхитденова, музыкалық продюсер:

-Біз әрдайым бір бағытта қана жұмыс істей алмаймыз. Ол тыңдарманды жалықтырып жібереді. Қазір де жаңа құраммен, әр түрлі форматтағы әндерді дайындау үстіндеміз. Репертуарда хип-хоп та, диапозонды көрсететін туынылар да бар және бола береді.

Жақын күндері жаңа құрамының тұсауы кесіліп, дәл сол күні көптің талқысына түскен «Ұят емес» бейнебаяны да жарыққа шықпақ.