Джеймс Кэмерон «Алита» картинасын ұсынды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Джеймс Кэмерон есімі түрлі марапаттар тізімінде жоқ! Есесіне, режиссер әйгілі «Аватардан» кем түспейтін тағы бір туындының тұсауын кесті. Енді, су жаңа «Алита» картинасы арқылы өнерпаз өткен жетістігін қайталай ала ма?

«Алитаның» таныстырылымы тек киногерлер ғана емес, күллі көрермен қауым үшін айтулы оқиғаға айналғандай. Тұсаукесерде халықтың көптігінен ине шаншыр жер қалмады, ал келушілердің басым бөлігі – Джеймс Кэмеронның адал жанкүйерлері.

Салтанаттың бас кейіпкері сөзсіз майталман киногердің өзі. «Алитаның» режиссерлық тізгінін Роберт Родригеске ұстатқан ол, бұл кеште тек продюсер әрі сценарий авторы ретінде.

Джеймс Кэмерон, продюсер, режиссер, сценарист:

-Фильмнің жарыққа шығуы халықты қуантып жатқанын білеміз. Енді, көрермен Алитамен саяхат жасап, оның оқиғасын бірге өткермек. Лентаның халыққа ұнайтынына күмәнім жоқ.

Фантастикалық туындыда оқиғалар желісі болашақта, яғни 26-шы ғасырда өрбиді. Лентада бас кейіпкер – киборг-қыздың рөлін сомдау Ро́за Са́лазарға тапсырылған болатын.

Роза Салазар, актриса:

-Маған рөл ұсынған бойда, өзімді әйгілі актрисалар қатарына кіргенімді ұғындым. Себебі, Джеймс әрбір кейіпкерге танымалдылық сыйлай білетін адам.

«Алитаның» премьерасында сондай-ақ, ерек образымен Ду Липа көпшіліктің көзіне түсті. Еске салсақ, өнерпаз су жаңа фантастиканың саундтрегін орындаған еді. Сондықтан, әйгілі әнші бұл кеште киногерлермен бірге.

Дуа Липа, әнші:

-Осындай үлкен жобаның бір мүшесі атану – мен үшін үлкен құрмет.

Отандық көрермен Джеймс Кэмеронның қолынан шыққан су жаңа фантастиканы ақпанның 14-нен бастап, үлкен экрандардан тамашалай алмақ!