Берік Айтжанов театр сахнасына оралды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Соңғы жылдары тек кинонарыққа қызмет еткен Берік Айтжанов, театрға оралды. Ұзақ үзілістен кейін, көпшілікпен қайта қауышқан актер көрермен көңілінен шыға алды ма? Өнер иесімен сол кеште бір сахнада ойнаған серіктестері не дейді? Тілшіміз тартқатсын!

Сегіз жылдан кейін театрға оралған Берік Айтжанов «Менің сүйікті ағатайым» атты қойылымында қарашамен қайта қауышты. Өнер иесі, Чеховтың «Дядя Ваня» шығармасының желісімен сахналанған спектакльде – дәрігер Астровтың образын ойнады. Автордың суреткерлік әлемін – қазақ қоғамындағы ескі мен жаңаның, кеше мен бүгіннің өзара арпалысын заманауи көзқараспен көркемдеген – режиссер Асхат Маемиров.

Асхат Маемиров, режиссер:

-Жігіттерді жинап, осындай бір Чеховтың шығармасын алсақ, жақсы бір дүние қойсақ... Себебі сіздер өздеріңіздің актерлық мектептеріңізді көрсетулеріңіз керек дедім. Берік жасыратыны жоқ театрдан 7-8 жылдай қол үзіп қалды. Сондықтан Берік театрға қайтадан келді.

Жаңа қойылым - жұлдызды құраммен жасақталған! Ваня ағайды - Азамат Сатыбалды, ал Соня қызды - Салтанат Бақаева сомдаса, Зарина Кәрмен - Елена есімді келіншектің кейпіне енген. Бірнеше жыл театр сахнасынан жырақта жүрген Берік Айтжанов, бұл кеште әріптестерімен үйлесім таба алды ма?

Азамат Сатыбалды, актер:

-Берік - маған бөтен емес. Оның үстіне сегіз жылдан кейін қайтып келіп, осындай Астров сияқты рөлді ойнағаннан кейін, біз Берік екеуміз бір-бірімізге мүмкіндігінше жақын болып, бір-бірімізді қолдау арқылы спектакльді өсіруге тырыстық.

Зарина Кәрмен, актриса:

-Театрға сен бір кірсең, одан шығу өте қиын. Енді ол кісімен серіктес болу – мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісіден күнделікті репетицияда мастер-класс алып жүрдім.

Тұсаукесерге келген алғашқы көрермендер алған әсерімен бөлісуге әзір.

Мақсат Рахмет, әнші, актер:

-Ең әсерлі сахна сол, Зарина мен Берік ағаның сахнасы болды мен үшін. Содан кейін Азамат аға мен Заринаның сахнасы.

«Менің сүйікті ағатайым» - халықаралық жоба! Қазақстандық режиссерға, түркіменстандық маман көмекшінің қызметін атқарса, спектакль суретшісі Грузиядан келген. Ал, жарық қоюшы – Украина азаматы екен.