Экстремалды өмір сүретін бұл жігіттер жайлы фильм таспаласа да артық етпес. Олар мұз үстінде мотоның құлағында ойнаған шабандоздар. Осы спорт түрінің әлемдегі ең үздіктері Медеуде сайысқа түсіп, үлкен шоу өткізді. Жалдамдық, адреналин, құлау дегеннің бәрі осында.
Мұз бетінде зулаған мотоциклмен құламай мәреге бірінші жету – оңай шаруа еместігі белгілі. «Медеудегі» «мұз гладиаторларының» бұл бәсекесіне екі күн ішінде он мыңға жуық көрермен тамашалаған. Анастасия, жарыстың жанкүйері: – Осы жарысты көріп, менің қызым спидвэйден чемпион болғысы келетінін айтты. Қазір ол гимнастикамен шұғылданады. Кейін осы спорт түрін таңдаса, мен қарсы болмаймын.
Спидвэй бойынша әлем біріншілігінің алматылық кезеңінде Австрия, Германия, Ресей, Швеция және Қазақстан спортшылары бақ сынасты. Жылдамдық пен адреналинге толы атмосфера нәзік жанды жанкүйерлерді шабыттандыра түскендей. Көрінісі ұнаса да, кейбір арулар бұл спорт түрін қауіпті санайды.
Шынар, жарыстың жанкүйері:
– Өз баламды жібермейтін едім, болашақ жарымның да осындай спортпен айналысқанын қаламайтын едім. Өйткені қауіпті ғой, құлап жатыр, аунап жатыр, бір жері сынып, құдай сақтасын...
Мұздағы мотожарысқа қатысқан шабандоздар өз мықтылығын барынша дәлелдеуге тырысты. Үздіктер көп-ақ. Дегенмен, барлық кезеңдерде жоғары ұпай жинаған ресейлік Данил Иванов, 38 ұпаймен алматылық финалдың жеңімпазы атанды.
Данил Иванов, мотошабандоз:
– Біз спортшымыз, біз тек жеңіс үшін әлемнің әр түкпірін кезіп, жарыс жолына шығамыз. Әлем чемпионаты – ең беделді сайыс кезеңдерінің бірі. Сондықтан, стадион толы жанкүйердің қолдауы, өте маңызды. «Медеуге» рақмет!
Біздің мотошабандоздар финалға іліге алмады. Дегенмен, олар араға жиырма жыл салып алдағы командалық әлем чемпионатына қайта қатыспақ.