Фонограммаға еті үйренген әншілер, жанды дауыстағы кештерде сүрініп жатыр. Жеке концертінде әннің мәтінін есіне түсіре алмаған Серік Ибрагимов, ел алдында ыңғайсыз жағдайға қалған. Бұл өнерпаздың сахнада сасқаны ма, әлде салғырттығы ма?
Шындығына келсек, бұл Серіктің репертуарын толықтырған жаңа ән. Мәтінін жетік меңгермеген музыкант, соңында ағынан жарылды.
-Жаңа ән болғаннан кейін, сөзі сәл есіме түспей тұрғаны. Бас жағы...
Қазнетте тараған дәл осы видеоға қатысты жазылған пікірлердің басым бөлігі – жағымсыз! Бірақ әншінің әріптестері тыңдармандарға түсіністік танытуды сұрайды.
Кенжебек Жанәбілов – «Музарт» тобының әншісі:
- Жаңа әннің сөзін бірден жаттау деген мүмкін емес. Енді бұрыннан миына сіңіп салған әндерді де, ұмытып қалу болады ондай.
Айтпақшы, 10 жылдық есеп беру кешінде Керменбаев та дәл осылай толқыған. Су жаңа әндердің сөзін жаттап үлгермеген қара бала, бұл қылығын былай ұқтырған еді.
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Әртіс партитураға қарап тұрып, ән айту ол жаңалық емес негізінде. Оны бір кемшілік тұсы деп айта алмаймын. Это «норма» деп айтамын..
Сахнада ерекше эмоцияға берілген жұлдыздардың бірі – Әуелбекова. Астанада өткен алғашқы ән кешінде Мөлдірдің көз жасына ерік бергені бар.
Бикештің көңілін босатқан жеке өміріндегі келеңсіздіктер болса керек.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
- Сынақтан сынбай, бекем болуға тырысамыз. Дегенмен де, менің табиғатым нәзік жанды, әйел заты болғандықтан, бәрібір кішкене көңілім босап, көз жасыма ерік беріп қойдым. Барлығы жиналып, мына көңіліме келіп тұрған дүние болғандықтан, көз жасымды жасыра алмадым. Көңілім босап кетті расында да!