Линси Лохан киноға қайта оралды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Линси Лоханда камбэк! Басы даудан арылмайтын атышулы актриса алты жылдан соң үлкен экранға қайта оралды. Өнерпаз төбе көрсеткен «Көлеңкелер арасында» картинасы көрерменге жол тартпақ.

Линси Лохан ең соңғы рет 2013 жылы «Каньондар» картинасында түскен еді. Жанкүйерлерін сағындырып үлкен экранға қайта оралған актриса – жаңа туындыда басты рөлде. «Көлеңкелер арасында» лентасында, ол енді ел басқарған президенттің әйелінің образын сомдайды.

Су жаңа фильмнің желісі бойынша, Лохан күйеуінің өміріне қауіп төндірген қарашылар тобының барын байқайды. Нәтижесінде, тыңшы жалдап, шиеленіскен оқиғаның шешімін таппақ болады. Алайда, бұл оқиғаға құбыжықтардың қатысы бар екенінен, барлығы мүлде бейхабар еді.

Енді голливудтық жұлдыздың камбэгі саналған лента, наурыз айында көрерменге ұсынылмақ. Еске салсақ, Линсидің актрисалық мансабын уақытша ысырып қоюына, оның жеке жобалары себеп болған. Лохан осы уақыттың ішінде MTV арнасына негізделген жеке реалити-шоуын таспалауға кіріскен еді. Бағдарламасы Грецияның Миконос аралында түсірілді.