Таяуда тұсауы кесілген «Келинка тоже человек-2» комедиясы үздік үштікке де ілінбеген. Әр картинасындағы басты рөлге тек өзін бекітетін Әсел Сәдуақасова, мүмкін көрерменді шаршатқан болар..? Әріптестері де кинопродюсердің келешек жобаларынан, жаңа есімдерді көргісі келетінін астарлап жеткізді.
Әсел Сәдуақасова, өзі продюсерлік еткен жобалардың ішінде - «91» тобы туралы таспаланған картинада ғана кадрдан тыс қалған. Өнер иесі өзге фильмдердің барлығында – басты рөлді басқамен бөлісуге құлықсыздау. Отандық кинонарықтағы бет-бейнесі өзгермейтін актерлық құрам, олардың әріптестерін де жалықтырғаны анық байқалады.
Осһоооу, әнші, актер:
-Жалықтырып жібереді, әрине. Бізде қазір белгілі актерлармен қалыптасып қалған ұғым бар. Негізі жаңадан іздеуге болады.
Айнұр Ілисова, актриса:
-Өзгертулер әрине керек. Ол өсу ғой жалпы. Енді оны өздері көре жатар...
Бірақ, жақында жоспарына өзгеріс енгізу Сәдуақасованың ойында жоқ. Продюсер ханым, кезекті картинасына сценарий жаздырып, түсірілім жұмыстарын да белгілеп қойған. Басты рөлді әдеттегідей Әселдің өзі сомдайды. Ал, жастардың жұлдызын жағып, киноиндустриядағы стереотипті бұзуға бекінген режиссерлардың әрекетінен әзірге нәтиже жоқ.
Асқар Бисембин, режиссер:
-Жақында біз кастинг ұйымдастырдық. Нормальный, «народный кастинг»! Блин, там такое полено пришло. Я посидел, я постарел на пять лет с этими кастингами. Я понял, никогда в жизни так больше не буду! Құрысын!
Әбунасыр Серіков, актер:
-Режиссерлардың көңілінен шықпай жатса, сол рөлді ала алмай жатса, оны қалай алады? Ертең халық келмей қояды ғой. Бұлар шығындалған соманы шығару керек. Себебі, оған 100-300 мың доллар емес, 400 мың доллар салады. Ертең оны шығаруымыз керек қой.
Бұл үрдіс біздің киноөндірісте белең алып тұр. Қомақты қаржыны қалтасынан шығарып, «өзі би, өзі қожа» атанған танымалдар қатарында – Құралай Анарбекова, Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаев сынды әмбебап әртістер бар.