Сиви ,шоу-бизнестің олқылықтарын айтуда – тосылып қалған емес. Әнші бикеш бұл жолы өркөкірек өнерпаздардың бетпердесін ашуға әзір. Тосыннан танымалдылық келсе, сәлем беруді ұмытып қалатын әріптестерінің мәселесін, Махмуди мүдірмей баяндап берді.
Сиви Махмуди, әнші:
- Өнер жолындағы адамдар дұрыстап амандаспайды. Мен амандасуға бара жатқан кезде, менен бетін бүйткен кезде, менің жүрегім «тарс» ете қалады. Қаншалықты мен қарапайым болғаныммен, мен де жерде жатқан жоқпын ғой. Бір түрлі болып қалам. Мен де амандаспай қоя саламын.
«Шоу-бизнесте сыйластықтың сиқы кетті» - дейді, Сиви. Махмұттың қызы бұл мәселеге түрткі болған белгілі бір танымалдың атын атап, түсін түстеуге құлықты емес. Бірақ, жұлдыздың тәжін киіп өркөкіректік танытқандардың жас ерекшелігін жасырмайды.
Сиви Махмуди, әнші:
-Қазіргі жастар көтере алмайды. Білмеймін неге. Заман сондай ма, я болмаса кім өзгертіп жатыр оларды? Мысалы, адам танымай қалады, амандаспай қояды, менсінбей қояды, бастарын былай көтеріп...
Махмудидің меңзегені Әли емес. Десе де, Оқапов әріптесінің өкпе-ренішін орынды деп отыр. Кей кездері Халық әртісінің ұлы да, сахна сыртында сәлемдесуді ұмыт қалдырады.
Әли Оқапов, әнші:
-Жасырудың ештеңесі жоқ. Кей кезде танып тұрған адаммен амандаспайсың. Өйткені кешігіп жатырсың. Қатты көңіл-күйің болмаса немесе ойың басқа жақта болса, таныс адамдармен амандаспай кетемін. Біріншіден біз бұл жерге амандасу үшін емес, жұмыс үшін келеміз. Біздің басты парызымыз – дұрыс өнер көрсету.
Аға буын өкілі Қыдырәлі, өнердегі іні-қарындастарының қарым-қатынасын жіті қадағалап жүреді. Бүгінде Болманов соңынан ерген ізбасарларына дән риза!
Қыдырәлі Болманов, әнші, продюсер:
-Өнердегі бауыр-қарындастарымның арасында, бір-біріне деген жақсы ілтипат бар. Бір-біріне деген жақсы тілек, ниет бар. Мені сол қуантады. Біздер де «анау бір-бірін көре алмай жатыр» деген, Құдайға шүкір, ондай жоқ!
Шоу-бизнестің шынайы бет-бейнесін әркім өзінше пайымдайды. Ең бастысы бірлік болса, берекенің артары сөзсіз!