Жас әнші Тамирис Жанғазинова шығармашылығына мықтап кірісуде. Өзінің жеке альбомын жарыққа шығаруды жоспарлап жүрген өнерпазға, түрлі продюсерлерден ұсыныс түскен. Талантты қыздың шоу-бизнесте жалғыз жортуына не себеп?
Актрисалық пен әншілікті қатар алып жүрген Тамирис Жанғазинова, продюсерсыз жұмыс істеуді құп көреді. Өнерпаз жеке шығармашылық жолына өзге жанның араласқанын қаламайды.
Тамирис Жанғазинова, әнші, актриса:
-Продюсерлік орталықтардан өте көп ұсыныстар болды. Неге келіспеймін, себебі мен өзімнің өнерімді басқаша көремін. Олар мүлде басқаша көреді. Олар көбінесе ақша жасау жағынан.
Тамирис, кәсіби маманның ақыл-кеңесі қажеттілігін түсінгенімен, қалауымдағы әндерді шығара алмай қаламын деп қорқатынын айтады. Себебі өнерлі қыз біреудің айтқанымен жүруге мүлде құлықсыз және продюссердың қатаң талаптарына да дайын емес.
Тамирис Жанғазинова, әнші, актриса:
-Продюсерсіз жұмыс істеу қатты қиын деп айта алмаймын, бірақ кейбір кездерде шоу-бизнестің қыр-сырлары өте көп. Жалпы керек емес, егер сен нағыз өнер адамы болсаң және осы жұмысқа бар жүрегіңмен берілуге дайын болсан.
Талантты қыз қазір 5 тректен тұратын жеке шағын-альбомын дайындау үстінде. Тамирис үшін бұл үнтаспаның орны бөлек. Әнжинақтың атауы бойжеткеннің бүгінгі көңіл-күйін жеткізгендей.
Тамирис Жанғазинова, әнші, актриса:
-17 жас - мен үшін кішкене творчествадан ауытқулар кездері болды. Сол үшін, жалпы өзімнің бір балалық шағымның кезі мүмкін, балалық шағымнан есейгенге дейін, сол кезеңді «17» деп атағым келеді.
Тамиристың «17» атты альбомы жақын арада тыңдармандарға ұсынылады.