Қоғамдағы түйткілді мәселелерге пікір білдіруде аянып қалмайтын Сәкен Майғазиев, бұл жолы әріптестеріне қатты ренжулі.
«Музарттық» әншінің сөзінше, әлеуметтік желіде шоу-бизнес өкілдерінің көпшілігі сауаттан жұрдай.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
-Кейбір қателер түсінікті. Абайламай кетіп қалады. Ал, кәдімгідей «ғо, дид, қойшиш» деген сияқты әңгімелердің барлығы диалект екенін түсінемін. «Өлә» деп біз Шымкент жақта да айтады. Сол диалекттерді біз мейлінше пайдаланбауымыз керек. Әсіресе пост жазатын кезде.
Бірақ Сәкенді өнердегі бауырлары түсіне бермейді. Сауатты пост былай тұрсын, әр аймақтың диалект сөздерін топтастырып, жазбадағы қателіктерді бейнебаян арқылы дәріптеп жүргендері де бар.
Инстаграмда Майғазиевтің ашу-ызасын тудырған танымалдар, қазір Қыдырәлінің де қытығына тиіп жүрсе керек...
Қыдырәлі Болманов, әнші, продюсер:
-«Инста-тіл» деген бір тіл пайда болды. Өзі бір шолақ, өзі бір қысқа... «Бүйтшиш, сүйтшиш» деген сияқты бір мекпепте оқымаған қателерді жіберуге болмайды. Өйткені біздерді, жалпы өнер адамдарын ең көп оқитын – оқырмандар!
Ал, әртістердің кейбірі жеке аккаунтын көмекшілеріне тапсырып, жұрт алдындағы жауапкершілігін әлдеқашан соларға артып қойған.
Жеңіс Ысқақова, әнші:
-Көбінесе менің көмекшілерім жазатын. Олардың телефонында қазақ әріп болмай қалып, орысша жазады да. Ал мен оны сақаулап жазбаңдар, қайтадан жазыңдар деп қатесін түзеп қоямын. Белсенді отыруға сол... Ол менің енді кемшілігім.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
-Бір-екі адамды білемін өздері жазбайтын. Шынымды айтсам оқығым келмей қалды. Неге десең, ол өзінің жанынан шыққан дүние емес. Ол өзінің деңгейін көрсететін дүние болу керек.
Сондықтан, желідегі жазбалары шимай-шатпаққа толы шоу-бизнес өкілдері - мәдениет пен өнер халықтың айнасы екенін ұмытпаса игі.