Алғашқы фильмі сынға іліксе де, кереғар пікірлер – Бүркіттің кинонарыққа деген құлшынысын сөндіре алмаған сынды. Әмбебап әртіс, күні кеше екінші картинасының тұсауын кесті. Бір қызығы, бұл туындыға түскен Мейрамбек Бесбаев пен Баян Алагөзова режиссердан бір тиын да алмаған.
Тұсаукесерге келген меймандардың басым бөлігі – отандық шоу-бизнестің өкілдері. Жарыққа шыққан тың туынды – экшн-комедия жанрында таспаланған. «Тілек тіле» атты фильмде төбе көрсеткен актерлар тізімінде Баян Алагөзова, Мейрамбек Бесбаев, Нұрлан Қоянбаев, Саят Исембаев сынды танымалдар жүр. Бір қызығы атағы аспандап тұрған жұлдыздар, түсірілім алаңында Бүркітке тегін қызмет еткен көрінеді.
Бүркіт, әнші, режиссер:
- Мені сыйлайды. Мен оларды сыйлаймын. Сондықтан да, біздің өз арамызда келісімшарттар бар... Доспыз ғой, дос ретінде. Достар бірінен ақша алмайды.
Басты рөлді сомдаған сұлу – Индира Еділбаева. Фильм желісіне зер салсақ, өзін қоғамға керексіз сезінген бойжеткеннің өмірі турасында. Алайда, кейіпкер қыз тосыннан сиқырлы қаламды тауып, тылсым күштің әсері – арудың барлық арманын орындайды.
Бұл Индираның дебюті. Алғашқыда жас актриса қаламақысының құнын жасыруға тырысқанымен, режиссер мырза құпияны ашып қойды.
Индира Еділбаева, әнші, актриса:
-Бәрі сұрап жатыр қандай гонорар болды деп... Екі ән жазуға жетеді.
Бүркіт, әнші, режиссер:
-Бір әнді жаздыру үшін бір миллион теңге қаражат кетеді.
Айтпақшы, Бүркіттің алғашқы фильмі сыннан көз ашпаған еді. Әнші бұл жолы жұрттың кереғар пікіріне қаншалықты әзір?
Бүркіт, әнші, режиссер:
-Мен егер сынды жүрегіме қатты, жақын сезінсем, мен бірінші киноға дейін киноға жоламас едім...
Ендеше, алғашқы көрермендердің су жаңа картинаға берген бағасы мынадай.
Жанель Мақажан, актриса:
-Басы кішкене былай созылып кеткендей болды!
Жеңісхан Момышев, режиссер:
-Алдыңғы киносына қарағанда Бүркіттің мына киносы жақсырақ шықты. Жеңіл комедия. Күліп, қарап шығуға болады. Бір енді қатты ой жатқан жоқ ішінде