«Ұлытау» тобы домбырашы ауыстырды!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Ұлытау» ұжымында өзгеріс! 15 жылдан астам этно-рок тобында тер төккен домбырашы, бұдан былай жобадағы жұмысын тоқтатты. Ал, күйші жігіттің орнын кім баса алады?

Ержан Әлімбетов «Ұлытауда» этно-рокты насихаттап келсе, бұдан былай дәстүрлі күйшілік өнерді дәріптеуді құп көреді.

Ержан Әлімбетов, «Ұлытау» тобының экс-мүшесі, күйші:

-Өзімнің жеке шығармашылығыма қатты көңіл бөліп жатырмын. Жиналып қалған шығармаларым бар өзімнің жеке. Негізі мен Қазақ Ұлттық Консерваториясын «дәстүрлі күйші» мамандығын бітіргенмін. Сол дәстүрлі күйді қолға алып жатырмын. Жан-жақты болғанның несі жаман.

Рүстем Баекеев – «Ұлытаудағы» Ержанның орнын басқан күйші. Соңғы жылдары аталмыш ұжымда қосалқы домбырашының қызметін атқарып келген өнерпаз, енді негізгі құрамның белді мүшесі. Бірақ көрермен бұл жігітті бірден қабылдай қоймаған.

«Ұлытау» тобы:

-Мен жаңа домбырашы болғаннан кейін жатырқап қарайды. «Неге Ерекең емес, неге Рүстем?» деген, сияқты. Бұл жерде мен де Ерекеңнің орнын басайын, сахнадан ысырайын деген ниет емес. Домбыраның үні одан сайын естіле түссе, одан сайын шарықтай түссін деген мақсатта - «Ұлытауға» мені шақыртқан.

Айтпақшы, Ержанның жеке кешінде «Ұлытаумен» қатар, Болмановтың өзі де бой көрсетуі тиіс еді. Алайда, шұғыл шаруасы шыққан продюсер шәкіртінің қасында болмаса да, концерттің қаржылай шығынын көтеріпті.

«Ұлытау» тобы:

-Әрбір концерт шығыннан тұрады. Сол шығынның бәрін көтеріп, өзінің ақ батасын беріп дегендей. Сол жағынан қамтамасыз етті.

Бұрындары Голливудты бағындырған «Ұлытауда» қазір үнсіздік. Бірақ бұл ұжым алдағы уақытта әйгілі «ГРЭММИ» марапатын еншілеуге ниетті. Ал, жеке дара шығармашылығын шыңдауды жөн деп шешкен Ержан, өзі түлеп ұшқан топтың келешегінен зор үміт күтеді.

Ержан Әлімбетов, «Ұлытау» тобының экс-мүшесі, күйші:

-Әрбір боранның алдында, бір тыныштық болады ғой. Сол деп қабылдаңыздар.