Айнұр Ілиясованың өнерден алыстай қоятын ойы жоқ. Актриса әйелдерге арналған семинарға қатысып, әкесі туралы ел естімеген құпиясымен бөлісті. Оның ағынан ақтарылуына желі арқылы түсіп жатқан толассыз сауалдар себеп болған.
Танымал блогер – Айна Досқызы әр сала үздіктерінің басын қосып, нәзік жандыларға арнап ерек семинар өткізді. Шарада шоу-бизнес өкілдері отбасы мен жұмысты қатар алып жүру құпиясымен, психолог маман жар таңдауда жаңылыспау, стилистер көп қаражаттың көмегінсіз сәнді киіну сынды түрлі кеңестермен бөлісті.
Айна Досқызы, журналист, блогер:
-Көптеген посттарым арқылы түсінгенім, қазақ тілді аудиторияға осындай кездесулер жетіспейді. Постың астындағы комментарийлерге, дайректке де, почтама да көптеген сұрақтар келіп жатады. Сол себеппен осы семинарды өткізіп отырмын.
Кездесуде спикер ретінде төбе көрсеткен Айнұр Ілиясова болса, арулар алдында өзінің басынан өткен қиын күндерін еске алды. Әкесіз өскен актриса алғаш рет ел алдында ет жақыны туралы ағынан жарылды.
Айнұр Ілиясова, актриса:
-Маған әкемен қарым-қатынас туралы көбінесе жазады қыздар. Мен енді өз тәжірибемнен алып, өз барымды жазам оларға. Мұны жариялаған жоқпын, бар айтарым әкеге деген реніш болмасын. Егер сені тәрбиелемесе, көңіл бөлмесе, сені тастап кеткен болса да, оған кешірімді бол, жүректегі обиданы алып таста.
Осы тәрізді пайдалы кеңестерді қамтитын қазақ тілді семинар, болашақта да өз жалғасын таппақ. Айна Досықызы сәті түссе, мұндай кездесуді еліміздің әр аймағындағы арулармен ұйымдастырмақ ниетте.
Айна Досқызы, журналист, блогер:
-Бірінші Оңтүстіктен бастар едім. Себебі, ол жерде әйелдердің мәселелері өте көп. Мысалы, Ләйлә Сұлтанқызының «Әйел» кітабын алып қарасаңыз, келіп жеткен жантүршіктірерлік хаттардың көбісі оңтүстік өңірден келіп жатыр.
Сондықтан, көмекке зәру әйелдерге қол ұшын созуға әзір блогердің келесі аялдамасы, міндетті түрде еліміздің оңтүстік өңірі болмақ.