Әр сұхбаты қазнеттің қызу талқысына түсетін Сиви, өзінің туған күнінде де бұрынғы үрдістен жаңылған жоқ. Бұл жолы әнші бикеш шоу-бизнестің былығын әшкереледі. Меншікті мерекесінде шындықтың бетін ашқан Махмудидің бұл сөзін әріптестері де жоққа шығармайды.
Құшақ-құшақ гүл мен көтеріңкі көңіл-күй! Мерекелік кештің атмосферасы дәл осындай. Бірақ туған күнде талқыланған тақырып бұрын-соңды еш жерде айтылмаған. Ол шоу-бизнестің көпке беймәлім тұстары. Осыдан 15 жыл бұрын жұлдызды жолға алғашқы қадамын жасаған Сиви, 30-дан асқан шағында өнер өлкесіндегілердің өмірін бүкпесіз баяндап берді.
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
-Кішкене кірлеу. Ойды бұзатын дүниелер көп. Анандай жаман тілмен айтқанда «шайтандар» көп азғыратын!
Айтылған сөз, атылған оқпен пара-пар! Махмудидің меншікті мерекесіндегі танымал меймандардың бұл сөзді растамауға амалы қалмағандай.
Ринат Баситов, «Азия» тобының әншісі:
-Шоу-бинесте «кірлер» бар енді. Бұл жерде ел алдында жүрген соң өсек болады, әңгіме болады. Соған шыдауың керек. Интрига көп! Енді басыңды тыққан соң ары қарай жүресің ғой, не істейсің? Артқа қадам жоқ!
Шахизада, әнші:
-Мен 33 жылдың ішінде неғып жынданып кетпей жүр екенмін, сол былықтың барлығын көріп... Енді өнерде неше түрлі еркелеріміз бар арасында, жынды мінездері де бар. Жақсылары бар. «Бір құмалақ бір қарын майды шіртеді» - деп бекер айтпаған. Бір құмалақтың кесірінен жақсы әншілердің барлығы, соның ішіне кіріп кетеді.
Бірақ түрлі сыннан сүрінбей өткен Сиви, өмірін өнерсіз елестете алмайды. Соңғы жылдары шығармашылығы бәсеңсіген бикеш, таяуда тың шабытпен сахнаға оралмақ!
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
-Жақында енді маған өнерге кірісу керек болып тұр. Өйткені біраз уақыттан бері өнерден тым алыс болып кеттім. Көптеген концерттерде жоқпын. Қазіргі мақсатым - өнерге кіру! Өйткені өнер адамы болғаннан кейін кішкентай кезімнен, өнерді сағынамын!
Жыл сайын туған күнін ерекше тойлайтын Сиви, биыл киноәлеміндегі кейіпкерлерді таңдапты. Кештің басты ханшайымы – әрине сылқымның өзі.