Роналду көмектесе алмады

Сообщить о проблеме с эфиром

Криштиану Роналду болса әдемі гол соққанымен командасын жеңіске жетелей алмады. «Манчестер Юнайтед» пен «Ювентус» арасында өткен тартысты матч осылай аяқталды. Жалпы чемпиондар лигасының төртінші тур ойындарына Серік Ноянбайұлы шолу жасап көрген еді.

Роналду матчтың есебін ашып, өзі бұрын доп тепкен команданың қақпашысын қапы қалдырғанымен, қазіргі клубтастарына көмектесе алмады. Криштиану 65-минутта осы турдағы әдемі голдың бірімен «Ювентусты» алға шығарды. Дегенмен, қонаққа келген «Манчестер Юнайтед» Хуан Мата мен Леонардо Бонуччидің орындауындағы қос доппен жауап қатты. Есеп 1:2 ағылшындық клуб пайдасында.

 

Чехияға меймандатып барған мадридтік «Реал» жергілікті "Виктория Пльзень" ұжымын 0:5 есебімен ойсырата жеңді. Карим Бензема дубль авторы атанса, Каземиро, Гарет Бэйл мен Тони Крос бір-бір голдан еншісіне жазды. Қатар өткен тағы бір ойында «Манчестер Сити» өз алаңында украиндық «Шахтер» клубын оңдырмай ұтты. Давид Сильва, Рахим Стерлинг пен Рияд Марез жекелей бір доптан соқса, Габриэл Жезус хет-трик тіркеді.

***

«Интер» мен «Барселона» тартысты матч көрсетті. Италияндық команда өз жанкүйерлерінің алдында намысқа шапса, испандық клуб та тек жеңіс үшін келген еді. Қос қарсылас кездесу соңына дейін алысып, 83-минутта Малком таблодағы көрсеткішті өзгертті. Дегенмен, араға үш минут сала Мауро Икардидің дәл соққысы Марк-Андре тер Штегеннің бұтынан өтіп гол болды.

***

Голландиялық «ПСВ» жеңісті уысынан шығарып алды. Олар «Тоттенхэмді» састырып, матчтың екінші минутында-ақ Люк Де Йонг мергендік танытты. Алайда, 78-ші және 89-шы минуттарда Харри Кейн қос доп соғып, ағылшын клубына жеңіс сыйлады. Чемпиондар лигасының төртінші айналымындағы басты сенсацияны сербиялық «Црвена Звезда» жасады. Олар азулы «Ливерпуль» футболшыларынан 2:0 есебімен басым түскен еді. Голдардың авторы – Милан Панков!