Иә, «ел мақтаған жігіттерді, қыз жақтаған!» Мысалы, белгілі кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаевқа сұлулар жиі хат жазады. Бірақ ол лайықты аруды таба алмай жүргенін айтады. Спортшының анасы да ұлын үйлендіруге асығады екен.
Еске салсақ, Батыр Жүкембаев (14-0, 12КО) соңғы рет 6-қазанда Канаданың Квебек қаласында, мексикалық боксшы Патрисио Мореноны (20-2, 14 КО) жетінші раундта нокаутпен ұтқан болатын. Осылайша отандасымыз кәсіпқой рингтегі 14-ші жекпе-жегінде жеңіске жетіп, 12-ші нокаутын тіркеді. Алматыда БАҚ өкілдерімен кездескен ол, келешек жоспарымен бөліскен еді..
Батыр Жүкембаев: кәсіпқой боксшы:
-Өзіміздің промоутер және менеджермен ақылдастық, мен ойлаймын осы жылдың соңында немесе келер жылдың басында, олар маған титулды жекпе-жек ұйымдастырып береді деп. Қазір жаймен өзіміздің дайындығымызды бастаймыз, өйткені менің бапкерім осында елде.
Жаттығулар мен жекпе-жектерден қолы тимейтін Батыр Жүкембаевты үйдегі ата-анасы үйлен деп жиі мазалайтын екен. Чемпиондық атаққа қол жеткізу секілді, 27 жастағы талантты боксшы жар таңдауды - жауапты іс деп түсінеді.
Батыр Жүкембаев: кәсіпқой боксшы:
-Қазіргі таңда үйленбегем, бойдақпын, қыз жоқ.. іздестіру проблема болып жатыр десең. Мен ойлаймын әркімге ең лайықтысы кездеседі, ең маңыздысы иманды және қарапайым болса жеткілікті. Маған айтып жатыр үлкен ағам, анам бәрі үйлен деп, сондықтан да ниетіміз бар енді, Алла бұйыртса!
Күн санап атақ-абыройы артып келе жатқан Жүкембаевтың жүрегіне жол тапсақ дейтін сұлулардың, боксшыға толассыз хат жолдайтыны бар. Батыр өз кезегінде оларды жауапсыз қалдырмауға тырысады екен.
Батыр Жүкембаев: кәсіпқой боксшы:
– Шынын айтқанда менде соңғы кезде подписчиктерім көбейіп, кейде үлгермей жатамын, кейде қарап жатамын.. Бірақ, қарауға тырысамын, сондықтан да қыздар жазып жатса оқимын.
Сәтін салса келер жылы чемпиондық белбеу үшін айқасуға бекінген Батыр, туған жерінде жекпе-жек өткізу жайлы ойын айтты.
Батыр Жүкембаев: кәсіпқой боксшы:
– Елдегі жекпе-жекке келетін болсақ ол өте маңызды мен үшін, армандарымның бірі орындалады. Негізі ең бірінші Алматыда өткізгенді қалаймын өзім. Қазақстанда болса болды, Алла бұйыртса!