Ал, әр қадамы халықтың жіті назарында жүретін Төреғали тағы да айыпталды. Бұл жолы кішкентай қызын көліктің рөліне отырғызған әнші, көпшіліктің ызасын тудырған. Отбасылық видеоға қатысты пікір жазушылардың басым бөлігі – бұл әрекетті заң бұзушылыққа балайды.
Бұл роликтің басты кейіпкерлері - теміртұлпарды тізгіндеген Төреғали мен кіші қызы Тоғжан! Қазнетті дүрліктірген видео, жанұялық демалыс кезінде таспаға тартылса керек. Ал, атышулы әнші сұхбатының бірінде көліктің рөліне көп отырмайтынын айтқанымен, шебер жүргізуші екенін жасырмаған-ды!
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Жақсы үйретемін. Мен қасымда жүрген балалардың барлығына көлік айдауды үйреткенмін. Сенбесеңіздер өздерінен сұраңыздар. Солардың айдау шеберлігіне қарап, менің қандай ұстаз екенімді көресіздер деп отырсаң, иә?
Бұл жігіт бозбала кезінде теміртұлпарға қатты құмар болған. Алайда жолдағы түрлі келеңсіздіктерден кейін, көлікті жиі жүргізуді азайтыпты.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Мен білемін. Мен техникасын түсінемін машинаның. Айдағым келеді. Бірақ ойланып отырамын да, тарс ете түскен кезде барып машина айдап отыр екенмін ғой деп, сөйтіп соғып-соғып кейін отырмайтын болдым.
Төреш тәртіп сақшыларының қырағы көзіне ілікпегенімен, оның әріптестері талай мәрте тығырыққа тірелген. Өйткені, жұмысына адал полиция қызметкерінің танымалдылыққа түкіргені бар.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Таныса да танымағансып түр жасап алады да. Кешіріңіз аға, лейтенант Мылтықбаев, құжаттарыңызды көрсетіңіз. Ааа мына жерде бүйтіп тастапсың, анау-мынау деп...
Тамара Асар, әнші:
-Егер дұрыс емес болсам, онда штрафтарын жазып береді. Жазылғанын аламын. Міндетті түрде айыппұлды төлеймін.
Иә, заң барлығына ортақ! Ол мансап пен мәртебені талғамайды. Сондықтан, жол жүру ережесінде ағаттық кетсе, айыптысыз!