Алып актер қайын ата атанды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ киносының өкілі Дәулет Әбдіғапаров «қайын ата» атанды. Ұлын ұяға қондырған алып денелі актер, 300-ге жуық мейманға ақ дастархан жайған. Бірақ өнер иесі ене мен келіннің қарым-қатынасына қатты алаңдаулы.

Ұлын үйлендірген Дәулеттің жүрегі дүрсіл қаққан күн осы! Бірақ қанша толқып жүрсе де, келінді болған су жаңа қайын атаның қалжыңға бір табан жақын екені байқалады.

Дәулет Әбдіғапаров, актер: -Қайын атам жақсы, енем кішкене қиындау деп айтатын шығар деп ойлаймын. Өзім ойлаймын. Себебі мен өзім кішкене келінімді қорғап жүремін.

Отағасы атанған Рамазан есімді жігіт Дәулеттің тұңғышы екен. Әбдіғапаровтың ізбасары алғашқыда әке жолын қууға бекінгенімен, қазір өзге салада қызмет етеді.

Дәулет Әбдіғапаров, актер: -Басынан айтатынмын сол бармай-ақ қойшы актерлыққа, түспей-ақ қойшы деп. Жоқ, ол өзі барып түсті. Енді өзі экономист боламын деп шықты. Мен оны қоштаймын!

Рамазан Әбдіхалил, Д. Әбдіғапаровтың ұлы:

-Ол әлі де жоспарымда бар. Бұйырса оны қуалаймын. Бірақ әзірше банкте істеп жатырмын.

Осыдан бес жыл бұрын әлеуметтік желіде болашақ қалыңдығымен танысқан Рамазан, 24 жасында отау құруды құп көріпті. Алайда, сүйіктісін ұзақ уақыт сынақтан өткізген ұлына, Дәулет мырзаның азды-кем өкпесі бар. Өйткені, өнер иесінің өзі 20-дан асқан шағында шаңырақ көтерген екен.

Дәулет Әбдіғапаров, актер: -Балам кеш үйленді деп ашуланып жатырмын. 20-21 жасында үйленген кезде, мен ертерек ата болар едім деп айтып жатырмын.

«Ата» мәртебесіне асыққан актердың бұл сөзі өзге мұрагерлеріне үндеуі болар! Өйткені, үлкен ұлының ізімен екі бірдей інісі өсіп келеді. Ал, Дәулеттің әулетіндегі дүбірлі тойдың меймандары қатарында отандық және ресейдің кино мамандары болды.