Күллі кью-поп әншілері де Бруно Марс сынды, жеке орындаушылыққа көшу туралы ойланып қалғандай. Бұған себеп, кезінде топта ән салып, бөлек кеткен жұлдыздардың жетістігі. Мәселен, EQ жігіттері «Blacк Dial»-дан кеткелі бағымыз ашылды деп ағынан жарылды.
Black Dial мен EQ-дің ара жігінің ажырауы кезінде үлкен дау болған еді. Жанкүйерлердің бірі жігіттерді топтан бекер кетті деп қараласа, кейбірі олардың шешімін қолдады. Алайда, қос тараптың да ісінің дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетті дейді өнерпаздар.
«EQ» тобы:
-Бізге 100 күн болды. 100 күнді сараптайтын болсақ, қорытындылай кететін болсақ, бізде екі бейнебаян, үш ән. Яғни, үшінші әнге біз лирик видео түсірген болатынбыз және де көптеген ауқымды шараларға қатысып үлгердік. Меніңше, жаман жетістік емес сияқты.
Енді, EQ-ліктер көп созбай тыңдарманға алғашқы альбомын ұсынбақ.
Әріптестерінің жетістігін қайталамаса да, экс-«Мунлайттық» Ерік топтан кеткеніне өкінбейді. Енді «Kyle Ruh» /Кайл Рух/ лақап атын таңдаған әртіс, еркін қанат қағып көрудің артықшылығын дәлелдемек.
Kyle Ruh, әнші:
-Бір ай болды ма, болмады ма. Алдағы уақытта көрсете жатар. Бірақ қалай айтсам екен, Мунлайтпен әрқашан да бауырмыз. Жеке, жекеге өзім баяғыдан дайындалып жүргем негізі. Жеке мүмкіндіктер иә, көбірек негізі. Өзіңді жан-жағыңнан көрсете аласың.
Бұл мүмкіндікті Young Khan өте тиімді пайдаланып үлгерген. «Newton» тобының экс-солисі Аян Бекзатхан да, аз уақыт ішінде бейнебаян таспалап, шығармашылық жолда жалғыз жортуға дайын екенін көрсеткен еді.
Алғаш кезде Зируза да топпен бірге өнер көрсетуге дайындалған еді. Алайда, жеке орындаушы ретінде танылып, бөлек кетудің басымдықтарын жіпке тізіп берді.
ZIRUZА, әнші:
-Топта енді, бірнеше адам бар. Және де бір адамда қателік кетсе, ол барлық топқа өзінің кесірін тигізеді. Білмеймін, бірақ өзіме солай ыңғайлы. Және де жалғыз өзің сен өзіңнің бағытыңды, ойыңда болған армандарыңды жүзеге асыру үшін, тек қана өзің жұмыс істейсің.