Камила Кабейо, Ники Минаж, Шон Мендес бастаған музыка мықтылары тағы бір жүлдені уысына түсірді! MTV Europe Music Awards марапаты өз үздіктерін анықтады. Жеңімпаз атанғандар арасында тіпті BTS пен Jah Khalib-те бар.
Көпткен күткен салтанат әдеттегідей қызыл кілемнен басталды. Бұл шеруде алғашқы болып Камила Кабейо жүріп өтсе, Эшли Симпсон айтулы шараға жұбайын ерте келіпті.
Әлемдегі ең үздік диджейдің бірі – Маршмеллоу да папарацци алдында әбден бой түзеді. Әрдайым жүзін жасырып жүретін сері, бұл кешке де бетін бүркей келген.
Қысқасы, меймандар арасында қызыл кілемнің бойымен сызыла басып,
сәнді ару ретінде ел есінде қалғысы келгендер көп болды. Алайда, бұл мәртебелі атақ өзге сұлуларды шаң қаптырған Ники Минажға тиесілі. MTV Europe Music Awards пайымымен рэпер бикеш «үздік образ», сондай-ақ «үздік хип-хоп орындаушы» жүлдесін еншіледі.
Мүсінше алудан рекорд орнатқандар арасында Камила Кабейо да бар! Өнерпаз хит болған «Havana» туындысымен «үздік ән», «үздік бейнебаян», «үздік әртіс» марапаттарын еншіледі.
Сондай-ақ, Ники Минаждың әріптесі Карди Би «жыл жаңалығы», диджей Маршмеллоу «үздік электроника», Шон Мендес «үздік жанды орындау» аталымдарын жеңіп алса, майталман музыканттар да елеусіз қалмады. Мәселен, Джанет Джексон «әлемнің мақтанышы» деп танылды. Дегенмен, микрофон қолына тиген әнші алғыс айтудың орнына, маңызды мәселенің шетін шығарды.
Джанет Джексон, әнші:
-Дәл қазір сөйлеуге құқығы жоқ, көлеңкеде қалып қоятын әйелдер туралы айтқым келіп отыр. Мен де кезінде солардың бірі едім. Алайда, әпке-сіңлілерім, ұмытпаңдар, біз біргеміз! Әділеттілік үшін күресеміз!
MTV Europe Music Awards BTS-ті де жүлдеге лайықты деп таныған. Миллиондаған АРМИ-дің арқасында, кей-поп орындаушылар «ең көп жанкүйер жинаған» өнер өкілдері мәртебесіне ие болды.
Шетелдік орындаушылармен қатар, айтулы кеште отандасымыздың да есімі аталған еді. Jah Khalib «MTV Ресейдің пайымымен ең үздік әртіс» жүлдесін еншіледі.